Сатай батырдың даналығы

Уақыты: 12.12.2023
Оқылды: 511
Бөлім: КҮНДЕРЕК

«Сатай батырдың үш даналығы» туралы «Егемен Қазақстан» газетінің 2021 жылғы №100 санында бір беттік мақалам жарық көрген еді. Он тоғыз ғалым мен зерттеушілер бірігіп, ғылыми зерттеулерден өткізіп, баспадан бастыртып шығартқан «Қазақ ханы – Абылай» атты қос томдық кітаптың екінші томының 125-бетінде былай деп жазылған: «Сатай батыр Аққабақұлы қазіргі Панфилов ауданының Сарыбел мекенінде дүниеге келген. Жетісу өлкесін жоңғар басқыншыларынан азат етуді басқарған бас батыр. Тегі – Суан руынан шыққан. Ұлы жүз».

Сатай батыр дүниеге келген Сарыбел ауылының кіреберісіндегі биікке бабамыздың үлкен ескерткіші ұрпақтарының жинаған қаржысымен орнатылмақ. Ат үстіндегі баба мүсіні құйылып бітті. Осы ескерткішті тұғырына орнату салтанаты қарсаңында әрі іздестірудің нәтижесінде бабамыздың жаңадан табылған төртінші даналығы туралы қысқаша баяндап өтуді парызым деп есептеймін. 

Сатай батырдың бізге жеткен бұл төртінші даналығын кезінде Суанның болысы болған Мұқа Әжімбекұлы сол кездегі Сатай руының белсенді де беделді азаматтары Жұмабай мен Шәкенге тәптіштеп тұрып айтып, «Мұны халыққа айта жүріңдер» деп өсиет еткен екен. Ал Мұқа болыс Жаркент қаласындағы темір түрмеден батырлығы мен ақылдылығының арқасында қашып шығып, Қытай жеріне барып қазақ ортасын паналаған. Бірақ, болысты қытайлық жендеттер тұтқындап, түрмесіне тоғытады. Сол жылдары  бостандық үшін күресіп түрмеде отырған белгілі ақын Таңжарық Жолдыұлы 1947 жылы түрмеде қайтыс болған Мұқа Әжімбекұлының сүйегін  балаларының қолына табыстаған екен. Мұны кезінде республикалық газет те баяндаған болатын. 

Қазақ халқының сан саналы ұлттық ғұрыптарының бәрінде  үлгі алар тәрбиелік сырлар көп. Сол асыл қасиеттерді зерделеріне сіңіріп өскен жас ұрпақ зейінді азамат болып, елдің арасында құрмет пен беделге ие болды. Олар өз әулетінің ғана панасы болып қоймай, бүкіл елдің ақылшысы, данасы, данышпаны, батыры атанды. Халқымыздың ғасырдан ғасырға дейін ұмытылмай келген сөзінің бірі – «қызтеке» сөзі. Бұл сөздің мәнінің зор болғанын батырымыздың өмірінің мына бір көрінісінен айқын білуге болады. 

...Ел басына күн туған ХVII-XVIII ғасырларда қазақ хандығының ұлан-ғайыр жеріне инедей шаншылып кіріп алған қалмақты атамекеннен түбегейлі қуып шығу жолында күрескен хандарымыз, даналарымыз, батырларымыз қазақтың «қызтеке» сөзін өз кезінде өте орынды пайдалана білген. Сондай батырдың бірі Сатай бабамыз еді. 

Қазақ жерінен басқыншы жауды түбегейлі қуып шығу үшін Сатай батыр қазақ халқынан тағы да қосымша әскер жинауды тез арада ізденімпаздықпен, тапқырлықпен қажымай-талмай ізденіп, ақылына ақыл қосып, жұмыс істеген. Сатай батырдың сол әскери жұмысының күні бүгінге дейін өшпеген жарқын бір көрінісі – қазақтың «қызтеке» сөзін қиын-қыстау кезеңде, елін қорғаған жаугершілік зарлы заманда тапқырлықпен, ақылмен пайдалана білгені. 

«Қызтеке» сөзі атқаратын ерлік істерді істемей немесе сан қилы айла-әрекетті пайдаланып, бүк түсіп жатып, жасырынып қалушы жігіттерге телінген. Ел басына күн туып, қазақ жерін жоңғар басқыншыларынан түбегейлі тазарту кезінде Сатай батыр: «Он алты жасқа толғаннан бастап алпыс жасқа дейінгі әрбір ер-азамат ел қорғау ісіне әрқашанда сақадай-сай болу керек. Мінетін аты мен бес қаруы дайын тұрсын. «Аттан!» деген жарлығым шыққан кезде он алты жасқа толғаннан алпыс жасқа дейінгі ер-азаматтар  лезде аттарына қонып, жинал деген жеріме дереу жиналу керек! Егер кімде-кім ел қорғау жөніндегі «Аттан!» деген жарлығымнан жасырынып, бұқпантайлап бас тартса, ондай азаматты сол күннен бастап «Қызтеке» деп атаймыз!» деген жарлығын арнайы атты жасақ арқылы  түгел таратқан. Сатай батырдың бұл жарлығы ел тағдыры ұстараның жүзінде лыпылдап тұрған сол кезде хан жарлығымен бірдей еді.

Ел қорғау жолында Сатай батырдың «Аттан!» деген жарлығы шыққанда 16-60 жас аралығындағы азаматтар батырдың айтқан жеріне тез арада сап түзеп жинала қалатын болған. Қазақтың әскери жасақтарының мұндай ұйымшылдығы сол кезде жоңғар басқыншыларын бұрынғыдан бетер тітіркендіріп жіберген еді. Қалмақ ханы мен батырлары Сатай батырдың дәл осындай тапқыр әдісіне таңданып, үрейлері де ұшты. Мұндай тапқыр тәсіл, біріншіден, қазақ жастарының тез арада жинала қалуымен әр азаматтың бес қаруымен сайланып, әскери сапқа тұруын толық қамтамасыз етті. Сөйтіп, «ер басына күн туып, етігімен су кешкен, ат басына күн туып, ауыздықпен су ішкен» заманда Сатай батырдың қазақтың «Қызтеке» сөзі қазақ жасақтарының санын тез арада еселеп арттыруға ерекше ықпал еткен. «Аттан!» деген батырдың суыт хабары жеткенде әдейі үйінде не басқа жерде жасырынып қалса, ондай жанды бүкіл елдің алдына суырып шығарып, тік тұрғызып қойып: «Мынаның атын бүгіннен бастап  «Қызтеке!» деп, молдаға мұның атын «Қызтеке!» атаңдар деп бата бергізетін болған. Ал жиналған көпшілік сол сәтте «Қызтеке!» деп бәрі қосылып үш рет қатты дауыстап айтқан. «Сөз сүйектен өтеді»  дегендей, қызтеке атанудан қашқан  азаматтар Сатай батырдың жарлығын ести сала сапта тұрған. 

Сатай батырдың «Қызтеке» сөзін өз уақытысында әскери тәсілге өте дәлме-дәл пайдалана білуі тапқырлығы һәм даналығының көрінісі еді. Сөйтіп, XVIII ғасырда Сатай батыр қолданған сөз намыс шарығындай әр азаматты қайраған. Осы орайда бабамыздың бізге жетпей жатқан даналықтары барын, оны алдағы уақыттарда іздестіре беретінімізді де айта кеткенді жөн санаймыз.

Садық ЖҰМАБАЙ
Жаркент қаласы 
Фото: egemen.kz