ҰЛТТЫ ҰЙЫСТЫРҒАН КҮН

Уақыты: 21.03.2024
Оқылды: 365
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Ел үшін бабалырымыздың «Күндіз отырмадым, түнде ұйықтамадым» деп Құлтөбенің баурайында өткізген құрылтай кеңестері әр ұрпақтың есінде екенін тағы бір дәлелдеді. Күні кеше ғана Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Атырауда өткізген Ұлттық Құрылтайдағы «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты елдік тұжырымдамасы қолыма қалам алып, ойыммен бөлісуге ықпал етті.

Мемлекет басшысының «Шын мәнінде адалдық жоқ жерде ешқандай әділдік болмайды» дегені өте орынды. Дәл осы жағдайға қатысты ертеректе еліміздің екі дана, дара тұлғаларының айтқаны есімде мәңгі сақталып қалды. Кезінде қызметтік демалысымыз қыс мезгілімен сай келетін. Бірде Сарыағаш сауықтыру орталығында Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаев ағамызбен қатар демалу бақыты бұйырды. Күнде таңертең кездесе қалсақ, бірден «Ассалаумағалейкүм» деп қолын алатынмын. Бірде: «Балам, күнде көрсең амандасып, қал сұрайсың. Қай жердің баласысың?» деді. «Ата, Жетісудың перзентімін» дегенімде жүзі бал-бұл жайнап «Ой, айналайын! Нұрмолда Алдабергенов атаңды білесің бе?» дегені. Батыр атамыздың есімі аталғанда шаттана кеткен мен: «Әрине, білемін. Атамыз Көксу өзенінің оң жағында, мен сол жағында. Ауылымыз аралас, қойымыз қоралас күн кешудеміз» деп жымидым. Сонда Ыбырай атамыз сәл үнсіз отырып: «Адал азамат» деп бір-ақ ауыз сөзбен Нұрмолда атамызға жоғары баға берді. Бұл – өмір жолымдағы ең ыстық естелік болып қалды.

Кезінде Димаш Ахметұлы данамыз да еңбек демалысын Қапал санаториясында жиі өткізетін. Сонда Талдықорған қаласы партия комитетінің бірінші хатшысы болған Көбес Ақылбаев досымызбен Димаш атамыздың Нұрмолда атамыздың зиратының маңынан күтіп алдық. Димаш Ахметұлы бабамыздың мүсініне қарап, жүрек тұсын ұстап, дұға жасап, топырақ алып, біраз үнсіздіктен кейін «Адал азамат» деп ой үстінде тұрды. Осы бір ауыз сөзі арада қаншама жыл өтсед де әлі де санамда сақтаулы. Осылайша еліміздің дана, біртуар азаматтары айтқан «Адал азамат» деген бір-ақ ауыз сөзінің құдіретіне басымды иемін. Адал да батыр Нұрмолда Алдабергенов атамыздың құрметіне Талдықорған қаласында үлкен ескерткішін облыс әмікі Бейбіт Исабаев ашып, халықтың ризашылығына бөленді. Ұлы тұлғаға тағзым еткен көпшілік осы жерде батырлар аллеясы ашылып, Әбдіқадыр Дайыров, Зылиха Тамшыбаева және де басқа да ата-бабаларымыздың ескерткіші бой көтерсе деген ойларын ортаға салып, тарқасқан-ды.

Халқымыздың көрнекті тұлғалары бірін-бірі мойындап, өзара құрмет көрсете білуі ұлтымыздың бірлігі мен ынтымағын ұйыстыра түседі. Мемлекет басшысының пікірінше, халықтың береке-бірлігі, елдің тұтастығы зиялы қауым бірлігінен басталады. Бұл ойым дәлелдеуді қажет етпейтін шындық.

Расымен де әр дәуірдің, әр заманның, әр қоғамның өз ерекшелігі бар. Біздің киелі мекенімізде де бірқатар би-шешендеріміздің, даналарымыздың есімдері ерекше атаулары тиіс. Қадырғали Жалайыр, Ескелді, Балпық, Қабылиса, Жолбарыс, Қабанбай батыр би-бабаларымыздың есімдері ешқашан да ұмытылмайды. Даналарымызды, би-бабаларымызды бөліп-жармай елді ұйыстырып, бірлікке жол бастағанымыз абзал. Мектеп оқушыларына, колледж-университет білімгерлеріне дәл осы тақырыпта көптеп дәріс оқылып, насихат жұмыстары жүргізілсе деген тілек бар. Сонда біз үміт артқан жастардың білім-бірлігі артып, жігерленіп, ішкі рухы артатыны анық.

Президентіміз Ұлттық Құрылтайда елді біріктіретін фактор болуға тиіс екеніне баса назар аударды. «Уақыт – ең әділ төреші екенін ұмытпайық. Қазіргі тарихи кезеңде халқымыздың сөзі де, ісі де бір болуы қажет. Сондықтан зиялы қауым, ең алдымен еліміздің бірлігін нығайтуға баса назар аударғаны жөн», – деген сөзі жүрекке жетті.  

Президентіміз тілдің қолдану аясын кеңейте түсу басты бағыт бола беретінін мәлімдеді. Елімізде қазақ тіліне деген сұраныс жыл өткен сайын артып келе жатқаны рас. Бізде жағымды жаңалық көп. Десе де кітапханаларда кітап қорлары азайып бара жатқанын да айта кеткеніміз жөн. Осы орайда зиялы қауым өкілдері ұрпаққа арнап жиған кітаптарының артығын кітапхана сөрелерін толтырса нұр үстіне нұр болар еді.

Біздің халқымыздың тағы бір байлығы – археологиялық ескерткіштері. Мемлекет басшысы бұл қызметті жүйелеуге баса назар аударды. Біздің аймақтағы Ешкіөлмес, Арқарлы жота-сайларындағы дала өркениетінің сан мың жылдық шежіресі саналған таңбалы тастарды қорғауға бағытталған шараларды жоғары деңгейде іске асыруды тапсырды. Бұл – біздің алтыннан да қымбат байлығымыз, қазынамыз. Сондықтан мұны сақтап, қызғыштай қорғау – бәріміздің міндетіміз екенін ұмытпайық.

Мемлекет басшысы ұлттық бірлігімізді сақтау мәселесіне айрықша тоқталғаны қуантты. Ұлыстың ұлы күні – Әз-Наурыз мерекесі мәртебесінің жыл өткен сайын артуы барша қазақты шаттандыратыны анық. Биыл Наурызнаманың әр күнін атаусыз қалдырмағаны барша қазақты жігерлендіргені де шындық. Біздер енді осы іске аса зор жауапкершілікпен қарап, Наурыз мерекесі жаңаша сипат ала бастағанын ерекше атап өткеніміз жөн. Рас, біздің бала күнімізде Наурыз мерекесі ойын-сауық, жүздесу, наурыз көже, ән айтып, би билеп, балуандардың күресі сынды түрлі шаралармен жалғасып, кең ауқымда аталып өтетін. Әсіресе, соғыстан кейінгі жылдары жүдеп қалған халық осы Наурыз мерекесінде бір-бірімен жүздесіп, әзілдесіп, көңілдері сергіп қалатын еді. Өзбекәлі Жәнібеков ағамыздың 90 жылдары әз-Наурыздың жаңғыруына үлкен еңбек сіңіргені баршаға аян. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы әз-Наурызды жаңаша негізде өткізуге бағыттағаны ата салтымызды, елдігімізді, бірлігімізді нығайтуға мол мүмкіндік бергені сөзсіз.

Келер жылы Жеңістің 80 жылдық мерекесіне орай жүйелі жұмыс тың қарқынмен жалғасатынына Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы зор сенім білдірді. Қазақстан әуе қорғанысының Талдықорғандағы әуе базасын Сергей Луганскийдің атымен атау өте орынды. Ел үшін еңбек еткен дара тұлғалардың есімін бүгінгі жас ұрпақ біліп, солардың ерлігіне бас иіп өтуі тиіс. Екінші дүниежүзілік соғыстағы батырлардың ерлігі – бүгінгі жас ұрпаққа, Отан қорғаушылар үшін шынайы үлгі-өнеге екенін тілге тиек еткен Мемлекет басшысы жастар тәрбиесіне ерекше көңіл бөлу қажеттігін алға тартты.

Бүгінгі жастардың тәрбиесіне қоғам болып атсалыспасақ болмас. Себебі, бүгінгі жас ертеңгі егемен еліміздің болашағы. Сондықтан Ел Президенті Ұлттық Құрылтайда сөйлеген сөзінде бүгінгі күннің бес кеселімен атап айтар болсақ, есірткі саудасымен, нашақорлықпен, лудоманиямен, тұрмыстық зорлық-зомбылықпен, агрессия, вандализм және ысырапшылдық сынды теріс, жат қылықпен бүкіл ел болып күресуге шақырды. Олай болса, бірлік, татулық, береке жолында бірлесіп жемісті еңбек етейік. Жастардың саналы, салиқалы, тәрбиелі, білімді, білікті болып ер жетуіне аға буын тікелей атсалысайық.

Ұлттық Құрылтайда айтылған «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» деген ҮШ ТАҒАН ұғымы халқымыздың ырысын, берекесін, бірлігін арттыра берері сөзсіз.

Жомартқали ЖЕКСЕМБІНОВ,
қоғам қайраткері,
Жетісу облысының Құрметті азаматы
Фото: akorda.kz