Береке бастауы

Уақыты: 24.03.2024
Оқылды: 385
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Сақталған салт-дәстүрге сай әз наурыз мерекесі Жетісу облысының орталығына қарасты Өтенай ауылдық округінде айрықша сән-салтанатпен аталып өтілді.

Мерекелік шараға қатысқан Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл жиналған қауымды ұлтымыздың ұлық мейрамымен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді. Осыдан соң әжелер ақ шашуын шашып, ақсақалдар ақ батасын арнады.

Ауыл наурызында арнайы ақ үйлер тігіліп, көпшілікке 7 түрлі дәннен дайындалған наурыз көже ұсынылса, қолөнер шеберлері көздің жауын алатын әшекей бұйымдардан көрме ұйымдастырып, спортшылар ұлттық ойын түрлерінен өзара сынға түсіп кіл мықтыларды анықтады. Осы орайда жастар қол күресі, қазақ күресі, гір көтеру, арқан тарту, тоғызқұмалақ сынды спорттың бірнеше түрінен сайысып, топ жарғандар бағалы сыйлықтармен марапатталды. Ал, өңір өнерпаздары ән жырдан шашу шашып, мың бұралған биімен мереке мерейін асырды.

Қариялардың сөзінше, наурыз –ұлық мейрам. Бүгінде түбі бір түркі халықтары арасында әлемнің 30-дан астам елінде тойланатын бұл күннің орны ерекше. Күн мен түн теңеліп, жер беті қайта түлеген осы бір мезгіл халқымыз үшін береке мен бірліктің, ырыс пен ынтымақтың бастауы.

 – «Биылғы наурыз күллі мұсылман қауымының қасиетті мерекесі Рамазан айымен қатар келді. Тарихы тым тереңде жатқан наурыз мейрамы ұлтымызда жыл басы саналады. Қос мереке де ежелден халқымызбен бірге жасасып, біте қайнасып келе жатқан қазақ салт-дәстүр, әдеп-ғұрыптарының айнасы екені анық. Дәстүрлі ислам діні күллі адамзат баласын ізгілік пен имандылыққа тәрбиелейтін рухани ілім болса, наурыз мейрамы жақсылықтардың жаршысы. Халық айлардың сұлтаны саналатын Рамазанда қайырымды істерімен ізгі амалдарымен мол сауап жинауға тырысса, наурыз айында да аймақты күл-қоқыстан тазартып, тал егіп игілікті істерге атсалысады. Міне, бұл басталған жылымыз ырысты, халқымыз табысты болсын деген ақ тілектердің нышаны. «Ырыс алды ынтымақ» деген даналар. Сондықтан бірлігіміз бекем, тәуелсіздігіміз тұғырлы, ұрпақтарымыз ғұмырлы болсын!,– дейді аймақтық ақсақалдар алқасының мүшесі, белгілі сазгер Ербол Бектенов.

                                                                     Айдын КӘЛІМХАН.