ЖАҒАЖАЙДЫҢ ЖАЙЫ ҚАЛАЙ?

Уақыты: 07.08.2018
Оқылды: 1076
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Қапшағайда шомылу науқаны қызып тұр. Жаңа жағалау ашылғалы демалушылардың саны жылдағыдан екі есеге артқан. Туристер тегін кіретін ашық жағалауда алаңсыз демалып, көңіл көтереді. Ал жағалаудың тазалығы мен демалушылардың қауіпсіздігі қандай жағдайда? Осы жайтты анықтау үшін облыс әкімінің тапсырмасымен санитарлық тазалық және қауіпсіздікке жауапты мекеме қызметкерлері Қапшағай көлін аралап көрді.

Қала бойынша коммуналдық шаруашылықтың қарауында жеті жағажай бар. Соның біріншісінде инфрақұрылымдық жұмыс аяқталып, пайдалануға берілген болатын. Оған 557 миллион теңге бөлінген. Мұнда жолдар жасалып, көше бойларына абаттандыру жұмыстары жүргізілген. Электр, су жүйелері жаңартылып, 22 сауда нысаны ашылған болатын. Ашық жағалаудың әр жеріне қоқыс жәшігі қойылған. Санитарлық тазалықты арнайы мекеме өкілдері қадағалап отыр. Ал қаланың шығыс жағында өзге де туристерге арналған жекеменшік жағажайлар жетерлік.  Мұнда әртүрлі суда жүзу құралдары қойылған. 
Жай күндерінің өзі бұл жерге мыңнан астам адам келіп демалады. Ал сенбі, жексенбіде отбасымен келетіндердің саны еселене түседі. Қауіпсіздік шаралары үшін барлық жағдай жасалған. Судан құтқару орталығының қызметкерлері қайықпен жүзіп қадағалап, қауіпті жағдайдың алдын алуға күш салады. Шомылу науқаны жан жадыратқанымен оқыста үзілген өмірлер үшін қамығып қалатынымыз өкінішті. Биыл шомылу маусымы басталғалы 129 суға тұншығу жағдайы тіркелген. Олардың ішінде он бір адам көз жұмған. 
Осылайша арнайы топ барлық жағалауды аралап көріп, жергілікті билікке қауіпсіздік шаралары мен санитарлық тазалық мәселесін  басты назарда ұстауды тапсырды.

М. ТӘЖІМАҒАМБЕТОВА
Қапшағай қаласы