"СУҒА ЖАРЫМАЙ ОТЫРМЫЗ": ЕСКЕЛДІ АУДАНЫНЫҢ БІР ТОП ТҰРҒЫНЫ ЖАНАЙҚАЙЫН ЖЕТКІЗДІ

Уақыты: 02.06.2020
Оқылды: 973
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Кішкентай күнімізде сумен ойнап жүргенімізді көрген үлкендер: «Судың да сұрауы бар. Босқа төкпеңдер» деп ұрысатын. Бірақ ойын баласы оған еш мән бермейтінбіз. Қазір сол судың қадірін түсініп жатырмыз.

Қарабұлақ кентіндегі Лихачёва көшесінің тұрғындары бірнеше жылдан бері судың зарбадын тартып келеміз. Алғашында тамшылаған суға қанағат етіп отыратынбыз. Қазір оған да зар болып қалдық.

Ауызсу күні бойы тоқтап, тек кешкі сағат 18.00 шамасында ғана көпке қуаныш сыйлайды. Сол сәтті пайдаланған тұрғындар үйдегі бар ыдыс-аяқты суға толтырып алады. Егер су бітсе, бос ыдысты алып, көрші-қолаңды аралап кетеміз. Себебі, отбасы мүшелерінің ішетін ас-суы, бала-шағаның жуылатын кір-қоңы, бау-бақшаны суару жұмысы тағы бар.

Үй жағдайындағы жұмыстың барлығына су ауадай қажет екені айтпасақ та белгілі. Сусыз тірішілік те болмайтынын түсініп келеміз. Осындай қиыншылықпен күн көріп жүрсек те ай сайынғы төлемді үзбей төлейміз.

Тұрғындар жиылып, бұл мәселе бойынша әкімдікке талай рет барып, шағым да түсірдік. Атқамінер азаматтар: «Бәрін жөндейміз. Кемшілік жойылады» деген құрғақ уәде беруден шаршаған емес. Енді біз халық үніне құлақ асатын редакциядан көмек сұрауды жөн деп шештік. Мәселеміз өз шешімін тауып, тұрғындар толық ауызсумен қамтамасыз етілсе нұр үстіне нұр болар еді.

Қарабұлақ кентінің бір топ тұрғыны

Ескелді ауданы

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан