ЕМ ҚАБЫЛДАУДАН БАС ТАРТҚАН НАУҚАС ҮШІНШІ ҚАБАТТАН СЕКІРМЕКШІ БОЛДЫ

Уақыты: 12.06.2020
Оқылды: 842
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Ұзынағаш ауылындағы аурухананың үшінші қабатынан секірмек болған адамды полиция қызметкері құтқарды. Оның өмірін полицей Алмас Құсайынов сақтап қалды. Бұл туралы Алматы облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәлімдеді.

Жамбыл аудандық ауруханасына күйзелісте жүрген 45 жастағы ер адам түскен. Ол көп уақыттан бері ішімдікке салынып, дәрігерлердің көмегіне мұқтаж болған. Бірақ ол емдік шараларын толық алмай, бас тартып, ауруханадан кететінін айтқан. Дәрігерлер оны жібермеген. Талабын орындата алмаған науқас өз-өзіне қол жұмсайтынын айтып, аурухананың үшінші қабатындағы терезеге шығып кеткен.

Медицина қызметкерлері полиция, төтенше жағдай қызметін оқиға орнына шақырған. Мамандар дереу жетіп, терезенің астына матрас салып, ер азаматқа мұндай қателік жасамауды өтінген. Бірақ нәтиже шықпаған. Соңында құлап бара жатқан ер адамды полицей Алмас Құсайынов ұстап қалып, палатаға алып кірген.

Жамбыл ауданының полицейі Асхат Тегенбаевтың айтуынша, өз-өзіне қол жұмсамақ болған адам Алматы қаласының тұрғыны. Ол Ұзынағашқа келіп, бірнеше күн ішімдік ішкен. Оны туыстары ауруханаға жатқызған. Қазір 45 жастағы азамат туыстарының қолына қайта тапсырылды. Ал полиция ер адамды өз-өзіне қол жұмсауға не итермелегені жөнінде тексеру жүргізуде.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Жамбыл ауданы

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан