ТАЛДЫҚОРҒАНДА КОРОНАВИРУСТАН КӨЗ ЖҰМҒАНДАР БАР МА? ӘКІМДІК ЖАУАБЫ

Уақыты: 15.06.2020
Оқылды: 1145
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Талдықорған қаласының іргесіне коронавирустың әсерінен бойындағы басқа ауруы өршіп, соның салдарынан көз жұмған үш адам жерленді. Бірақ бұл коронавирустан қайтыс болу дерегіне жатқызылмайды. Бұл жайында толығырақ Талдықорған қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Нұр Қанатұлы мәлімдеді.

"Талдықорған қаласында 15 маусым, таңғы уақыттағы жағдай бойынша коронавируспен 140 симптомды және 97 симптомсыз адам тіркелген. Олардың 112-сі толықтай емделіп шыққан. Коронавирустан өлім-жітім жағдайы Талдықорғанда тіркелген жоқ", - деп жазды Нұр Қанатұлы әлеуметтік желідегі парақшасына.

"Facebook" әлеуметтік желісінде кешелі бері Талдықорған қаласының іргесінде, Еңбек елді мекені маңында ерекше жағдайдағы жерлеу рәсімін түсірген бейнежазба тарады. Онда жерлеу рәсімі қатаң күшейтілген санитарлық талаптармен жүргізілгені байқалады. Арнайы қорғаныш киімін киген мамандар қабір қасында жерлеу рәсімін жасайды. Ал топырақ салуға жиналған 15-20 шақты адам бірнеше метр қашықтықтан қарап тұрады. Талдықорған қаласы әкімінің баспасөз қызметі бұл жерленген адамдар коронавирустан қайтыс болмағанын, алайда коронавирустың әсерінен басқа ауруы өршіп кеткенін, соның салдарынан көз жұмғанын ресми мәлімдеді.

- Бұл адамдар коронавирустың өзінен емес, бойында қатар жүретін басқа аурудан қайтыс болған. Бірақ коронавируспен ауырған. Мысалы, біреудің жүрегі, біреудің бауыры, біреудің бүйрегі ауырады. Ал коронавирус сондай бұрыннан бар ауруын өршітіп жіберген, - дейді Нұр Қанатұлы.

Бұл жайында Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілі Ләйлім Әубәкірова да түсініктеме беріп өтті.

- Нақты ресми ақпаратты тек Алматы облысы әкімдігі ұсынады. Бірақ коронавирус кейде мәйітті сою және зерттеу жұмыстары жүргізілген кезде де анықталуы мүмкін. Ондай кезде жерлеу рәсімі санитарлық талаптармен арнайы мамандардың көмегімен атқарылады. Халық кейде осы мәселені дұрыс түсінбей қалады, - деді ол.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"