ҚАПШАҒАЙДАҒЫ ДЕМАЛЫС ОРЫНДАРЫНЫҢ 50 ПАЙЫЗЫ САНИТАРЛЫҚ ТАЛАПҚА САЙ ЕМЕС

Уақыты: 21.06.2020
Оқылды: 1577
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау департаментінен келген жұмыс тобы Қапшағай қаласы көл аймағындағы бірнеше демалыс орнын тексеріп, санитарлық режим мен коронавирус індетінен сақтану шараларының барысын бағдарлап қайтты. Жаздың өткен аптадағы аптап ыстығында көлге рұқсатсыз түскендер көбейіп кеткен еді. Індет алгоритмінің 7 пайыздық көрсеткішіне орай, көл аймағы, мұндағы демалыс орындары түгелімен уақытша жабылған болатын.

Тексеріс тобы алдымен «Ямайка» демалыс орнына келіп, санитарлық тазалық жұмыстарымен танысты. Үлкен аумақты алып жатқан демалыс орнында мейрамхана, 18 қонақүй жұмыс істеп тұр. Жағалауға шатырлар, шатыр астындағы үстел, орындықтар, жайматөсектер қойылған. Келген демалу­шылардың алдымен бетпердемен келуі, олардың дене қызуы тексеріліп, санитарлық талапқа сай қолдары ар­­найы сұйықтықпен жуы­­лып, ас ішетін аймақта бір жарым метр қашықтықта отыруы  бас­ты назарға алынады дейді. Ал демалыс аймағы айына екі рет дезинфекция жасап отыруды күн тәртібіне қойғанын айтады.

Келесі «Ақжайық» демалыс орнының санитарлық қағиданы қатаң сақтап отырғанын кіреберістегі тексеру мен түсіндірме қағаздары, бетпердесіз кіруге  рұқсат етпейтін талаптарынан байқауға болады.

Ең алдымен жұмысшылардың жағдайы, олардың күнделікті дене қызулары өлшеніп, аурудың еш белгілері табылмаған жағдайда ғана іске кірісетіндіктері басты назарға алынған. 19 демалыс үйі, 14 қазақ үй, 15 вунгал жұмыс істеп тұр. Шамамен мұнда 120 адамға дейін демала алады. Ал жұмысшылардың саны әзірге он шақты.

Қапшағай қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау бөлімінің басшысы Амантай Қамаубаевтың берген мәліметі бойынша, қалада осыдан екі апта бұрын коронавирус індеті 7 пайызға дейін өсіп, 49 адам тіркелген. Олардың  34-і толығымен айығып шығып, қалғаны Еңбекшіқазақ ауданы мен Қаскелеңдегі инфекциялық ауруларды емдейтін ауруханада емделіп жатқаны мәлім болды.

Қаладағы түнгі және бильярд клубтары, кальян шегетін орындар түгелдей жабылған. Ал қоғамдық тамақтану орындары, сауда үйі, монша, массаж кабинеттері сияқты бірқатар орын арнайы уақытпен қадағаланып жұмыс істейді. Қаладағы 170-ке жуық демалыс аймағының әзірге 50 пайызы ғана санитарлық талапқа сай жұмыс істеуге дайын екендіктері анықталған.

Мақпал МЫСА

Қапшағай қаласы

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан