ШҰҒЫЛ: КЕРБҰЛАҚ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ КОРОНАВИРУС ДЕРТІНЕ ШАЛДЫҚТЫ

Уақыты: 18.06.2020
Оқылды: 1468
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Кербұлақ ауданының әкімі Махаббат БИГЕЛДИЕВ коронавирус дертіне шалдықты. Бұл туралы ол өзінің желідегі парақшасына жазды.

"Өкінішке қарай, әлемді жайлаған вирус мені де айналып өтпеді. Кеше тапсырған анализ қорытындысы оң нәтиже көрсетті. Қазіргі уақытта барлық санитарлық талаптарға сәйкес, тиісті мекемеде ем қабылдаудамын. Жағдайым бір қалыпты", - деп жазды ол.

Аудан басшысы әкімдік жұмысы тоқтамайтынын, әзірге өзінің орнына тиісті орынбасары қызмет атқара беретінін айтты. "Қандай да бір сұрақтарыңыз бен мәселелеріңіз болса, менің әлеуметтік желідегі парақшаларыма немесе әкімдік сайтына жазыңыздар. Өздеріңіз бен жақындарыңыздың денсаулығы үшін карантин режимін сақтап, профилактикалық шараларды ұстануға шақырамын! Ауруға жеңіл-желпі қарамауларыңызды сұраймын. Аман болыңыздар! Жақсылық пен қуанышта жолығайық!" - деді Кербұлақ ауданының әкімі.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Кербұлақ ауданы

Алматы облысы