РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ВЕБИНАР: КОЛЛЕДЖ ОҚЫТУШЫЛАРЫ АРАСЫНДАҒЫ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР

Уақыты: 19.06.2020
Оқылды: 1420
Бөлім: КҮНДЕРЕК

І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің Zhansugurov college-нің бастамасымен «Worldskills Қазақстан» жобасы арқылы техникалық және кәсіптік білім саласында мектепке дейінгі және педагогикалық мамандықтарды жаңғырту» республикалық вебинары өткізілді. Мақсаты – «WorldSkills Қазақстан» жобасы арқылы техникалық және кәсіптік білім жүйесінде мектепке дейінгі және педагогикалық мамандықтарда инновациялық процестерді ынталандыру және оқытудың жаңа технологияларын енгізу.

Zoom платформасындағы вебинар жұмысына «Talap» коммерциялық емес акционерлік қоғамы WorldSkills қозғалысын дамыту департаментінің басшысы Санжар Тәтібеков, Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің магистрі, эксперт-компатриот Сағира Әмірова, Алматы облыстық  білім  беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығының маманы Раушан Тумаева, Қарасай ауданы, «Сандуғаш» балабақшасының  әдіскері Анаргүл Батырбаева, М.Жұмабаев атындағы жоғары гуманитарлық колледжінің оқытушы-әдіскері WorldSkills Қазақстан-2020 чемпионатының бас эксперт орынбасары Вера Бикбаева, Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледж директорының практика жұмысы бойынша орынбасары, педагогика ғылымдарының магистрі Қаракөз Мұқышева, Есік гуманитарлық-экономикалық колледжінің арнайы пән оқытушысы, эксперт-компатриот Сәуле Баймұханова және «WorldSkills Қазақстан» қозғалысы техникалық комитетінің мүшесі, колледж директоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Марат Мәлтекбасов  қатысты.

Вебинарда республикалық техникалық және кәсіптік білім саласында мектепке дейінгі және педагогикалық маман даярлайтын колледж оқытушылары арасындағы өзекті деген сұрақтар қызу талқыланды. Кәсіби бағдарлау, кадрлар даярлау, сарапшылық қоғамдастықтарды қалыптастыру және өнімділікті арттыру тетіктері, халықаралық стандарттар негізінде техникалық мамандықтар бойынша өнеркәсіптің жоғары технологиялық салаларын кадрлық қамтамасыз ету мәселелері аясында кәсіби сұхбат құрылды. Сонымен қатар, «Talap» КЕАҚ WorldSkills қозғалысын дамыту департаментінің басшысы Санжар Тәтібеков жастарды кәсіптік даярлаудың үздік әлемдік тәжірибелерін анықтауда аймақтық және салалық чемпионаттарды өткізудің маңыздылығына тоқталды.

Ол педагогикалық мамандықтар бойынша Zhansugurov college-нің базасында инновациялық үдерістерді ынталандыру мен техникалық және кәсіптік білім жүйесіне оқытудың жаңа технологияларын енгізуге, оқу бағдарламаларын жетілдіру бойынша тұрақты әдістемелік көмек көрсетуге және Қазақстанның педагогикалық сарапшылық қоғамдастығын дамытуға бағытталған құзіреттілік орталықты құру бастамасын қолдады. Сондай-ақ, педагог мәртебесі мен педагогикалық мамандықтардың, еңбек адамының беделін арттыруда, «WorldSkills Қазақстан» қозғалысын дамытуда мұндай салалық орталықтардың маңызы зор екенін атап көрсетті.

Әр сала бойынша заманауи технологиялардың дамуына сәйкес, жұмыс берушілердің талаптары да жылдан-жылға артуда. Осы ретте республикалық вебинар жұмысына қатысушы, педагог маман жанашырлары, «WorldSkills» талаптары құзіреттілікке негізделген оқытудың модульдік-кередиттік оқу жоспарлары мен бағдарламаларына енгізілсе, студенттер алған білімін өндіріс орындарында тәжірибелік тұрғыда ұзақ шыңдаса деген ұсыныстар айтты.

Г. БОРАНБАЕВА,

І.Жансүгіров атындағы ЖМУ Zhansugurov college-нің әдіскері

Сурет - ғаламтордан