ТАЛДЫҚОРҒАНДА 16 ҚАБАТТАН ТҰРАТЫН ТАҒЫ 10 ТҰРҒЫН ҮЙ БОЙ КӨТЕРМЕК

Уақыты: 07.05.2021
Оқылды: 1379
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Талдықорған қаласы жыл өткен сайын құлпырып келеді. Оған заманауи үлгіде бой көтеріп жатқан әдемі ғимараттар мен алыстан менмұндалайтын көпқабатты тұрғын үйлердің көбеюі дәлел. Жасыл желекпен көмкерілген Алматы облысы орталығының абаттандырылуына, көгалдандырылуына, сондай-ақ, жарықтандырылуына да айрықша көңіл бөлінуде. Ел игілігі үшін жасалып жатқан шарапатты істер алдағы уақытта да жалғасып, шаһар қонақтары тамашалайтын орындардың саны артпақ. Тағы бір маңызды жаңалық, Талдықорғандағы жаңа шағынаудандардан 16 қабатты он тұрғын үй салынады.

Бұл туралы облыс әкімдігінде қаланың кескін-келбетін одан әрі жетілдіру жөніндегі жоба-жоспарларды таныстыру барысында жан-жақты айтылды. Осы ретте атқарылып жатқан жұмыстар тұрғысында Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Дәркен Нұржанов, «Урбан-Стиль» ЖШС директоры Любовь Нысанбаева, «Сайман корпорациясы» ЖШС бөлім басшысы Әрсен Байкенов, тағы басқаларының ой-пікірлері тыңдалып, егжей-тегжейлі талқыланды. Осыған байланысты облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ шаһарды заман талабына сай өркендету бойынша мамандар айтқан ұсыныс-тілекке құлақ асып, жобаға қатысты ұтымды ақыл-кеңес берді, кемшін тұстарын түзетуге ой қосты.

Алдағы уақытта іске асырылуы тиіс жоба-жоспарларды әңгімелеу барысында 8-ші шағынаудандағы тұрғын үйлердің және шаһардың кіре берісінің оң жағында орналасқан 9, 10 шағынауданда бой көтеретін 16 қабатты он алып тұрғын үй құрылысының жобалары ұсынылды. Бұл баспаналар Салтанат сарайының маңынан орын теппек. Үйлердің төменгі қабатында коммерциялық нысандар болады. Дәркен Нұржановтың сөзінше, аталған құрылысты «BI Group» компаниясы қолға алмақ. Құрылыс жұмыстары жаз айында басталып, бірқатары келесі жылдың соңында мемлекеттік бағдарламалар арқылы пайдалануға беріле бастайды деп көзделіп отыр.

Қаратал шағынауданы мен Жансүгіров көшесі бойында қала көркін бұзып тұрған ескі үйлер көптеп табылады, оған жапсарлай салынған құрылыстар да сан алуан. Осыған қатысты ойын жеткізген әкім көпқабатты тұрғын үйлердің бірінші қабатындағы бұрышқа жабыстырып, қабыстырып нысан салуға болмайтынын қадап айтты. Алдағы уақытта мұндай жағдайға жол берілмеуі тиіс екенін құрылысқа жауапты тұлғаларға қарата айтып, назарға салды. Қала құрылысын жүргізгенде алдымен бас жоспарды көңіл бөліп, жобадан ауытқымау қажеттігін атап көрсетті.

Көп ұзамай, жоғарыда аталған ескі үйлердің қасбеттері жаңаланып, заманауи үлгіде жасалатын болады. Жоспарланған бұл істер келесі жылдан бастап жүзеге аса бастайды. Сонымен бірге, өркениетті сауда нүктесі бой көтереді. Амандық Ғаббасұлы әсіресе, қала тұрғындарының алаңсыз демалып, серуендеуіне ыңғайлы орындардың талап үдесінен шығатындай етіп жасалуына ден қоюды тапсырып, жобалаушылардың есіне салды. Бір сөзбен айтқанда, ұсынылған жоба-жоспарлар облыс басшысына ұнады және ол қала әкіміне тапсырмалар беріп, лайықты инвестор табуды міндеттеді.

Талдықорған Ұлы Жібек жолында жатыр. Осының белгісі ретінде Алматыдан кіреберістегі айналма жолда «Керуен» деп аталатын архитектуралық композиция орын теппек. Осылайша, тоғыз түйе тоғыз жолдың торабын әрлендіре түспек. Коттедж қалашығындағы көшелердің жарықтандырылуы да жақсарады. Бұл істі «Сайман корпорациясы» ЖШС жүзеге асырмақ. Осыған орай, ақылды жарық жүйесі жобасы ұсынылды. «Біз коттедж қалашығын зерттедік. Шам көп, жарығы шамалы. Біздің жоба ондағы 891 көше шамын 537-ге дейін қысқартуға мүмкіндік береді. Диодты жарық шамдар самаладай жарық әрі бюджет шығынын азайтуға септігін тигізеді. Бұған қоса, Назарбаев, Жансүгіров, Қабанбай батыр көшелеріндегі жарықты да жаңа деңгейге шығаруға дайынбыз», - деді Әрсен Байкенов.

Бұған қоса, шаһарда тірі алма ағаштары алаңқайлары мен су бұрқақтары кешенін ашу идеялары талқыланды. Амандық Ғаббасұлының жеке идеясынан туындаған «Аялы алақан» жобасы да жиналғандарды таңғалдырды. Әкімнің айтуынша, бұл індетпен күрескен дәрігерлерге алғыс ретіндегі белгісі. Алдағы бір, екі айда ол инфекциялық аурухананың алдында орнатылатын болады.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА

Алматы облысы