АМАНДЫҚ БАТАЛОВ БІРНЕШЕ КОМПАНИЯНЫҢ ҰСЫНЫС-ТІЛЕГІН ТЫҢДАДЫ

Уақыты: 14.10.2021
Оқылды: 1004
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ аймағымыздың экономикалық әлеуетін көтеріп отырған, тағы да тың жобаларымен өңір өркенін өсіруге құлшынып келген бірқатар шетелдік және отандық компания өкілдері мен кәсіпкерлерді қабылдап, олардың алдағы жұмыс бағытын тыңдап, айтқан ұсыныстарының оң шешім табуына бағыт-бағдар көрсетті. Кездесуде ҚР Премьер-Министрінің кеңесшісі Гүлбану Пазылхайырова да болды.

Аймақ басшысы ең алдымен америкалық «Valmont Industries» компаниясының Орталық Азиядағы өкілдігінің бас директоры Кевин Миш (Kevin Meusch) және аталған компанияның Қазақстандағы жетекшісі Ричард Спунермен (Richard Spooner) кездесіп, тараптар тамшылатып және жаңбырлатып суару, аграрлық ғылым және білім салаларындағы ынтымақтастық пен тәжірибе алмасу жайын талқылады. Аталған шетелдік компания өкілдерінің айтуынша, олар облыстан заманауи суару жүйелерін өндіретін және ауылшаруашылығы дақылдарының өнімділігін басқаратын зауыт салуды көздейді.

Кевин Мичтің айтуынша, америкалық ирригация технологиялары өсімдік шаруашылығының өнімділігін арттыруға және ауылшаруашылығындағы су шығынын 50-70% пайызға азайтуға мүмкіндік береді. Демонстрациялық фермалар желісін қалыптастыру, суару, су ресурстарын ұтымды пайдалану, жемшөп өндіру, фермерлерді оқыту мен тренинг өткізу және білікті кадрлар даярлау саласындағы озық технологиялар трансферін қамтамасыз етеді.

Кездесу барысында облыс әкімі аймақтың аграрлық саладағы жетістіктерін сөз етті. Жалпы, бүгінде облыста 2 миллионнан астам тұрғын тұрады. Жер көлемі жағынан еліміздің 8 пайыздан астам жері облыс еншісінде. Ал жыл сайын өндірілген ауыл, мал шаруашылығы өнімі еліміздің осы саладағы табысының 20 пайызын құрайды. Сондай-ақ, суармалы егіс жағынан Жетісу жерінің үлесі басым. Өндірілген азық-түлік тауарлары Қорғас кедені арқылы Қытайға, көрші Қырғызстан, Өзбекстан елдеріне экспорттауға өте ыңғайлы. Сондықтан америкалық технологиямен өндірілетін суландыру жабдықтарына сұраныс аз болмайды. Сондай-ақ, кейінгі жылдары облыстағы ирригациялық жүйелерді жаңғырту бағытында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар аталған компанияның ойлаған жоспарын жүзеге асыруға зор мүмкіндік береді. 

Тағы бір жағынан, кейінгі жылдары аймағымызда құрылған 6 индустриалды аймаққа бүгінде зауыт құрып, кәсіпорын ашуға ниеттенген шетелдік инвесторлардың қатары көбейіп келеді. Өйткені осы индустриялық аймақтардағы су, жарық желілері мен авто және темір жолдарды облыс әкімдігі өз мойнына алған. Қандай да бір инвестор зауыт ашып, кәсіп- орын құрса инфрақұрылымнан тапшылық көрмейді. Осындай мүмкіндіктер болғандықтан индустриялық аймақтарға қызығатындар арта түсті. Облыс әкімі бұл келісім «Valmont Industries» компаниясының да ойлаған істерін ілгерілетуге зор демеу болатынын америкалық компанияға 198 гектар аумақты құрайтын «Қайрат» индустриалды аймағының қолайлы екендігін ұсынды. Өйткені онда су, газ, сыртқы дренажды жолдар, электр және теміржол нысандары кәсіпорынның жұмысын ілгерілетуге көп жеңілдік тудырады.

Бір кездері жеке адамдардың меншігіне өтіп кетіп, Амандық Ғаббасұлы облыс әкімі болғаннан кейін оны мемлекет меншігіне қайтарып, «Қайрат» индустриялық аймағын құрған еді. Міне, қазір сол өңір шетелдік инвесторлардың қызығушылығын тудыруда. Келіссөздер нәтижелі болса, алдағы уақытта бұл аймақта америкалық технологиямен жұмыс істейтін өндіріс іргесін қалай бастайды. Кедесу барысында екі тарап бір-біріне естелік сыйлықтар ұсынып, әріптестіктің жалғасатындығына сенім білдірді.

Келесі кезекте облыс басшысы  ресейлік «ТехноНИКОЛЬ» компаниясының қазақ-стандық өкілдерімен кездесті. Technonikol – бұл құрылыс материалдарын өндірумен айналысатын ресейлік трансұлттық компания. Компания нарыққа алдыңғы қатарлы ең жаңа технологиялар бойынша дайындалған өнімдерін ұсынады. Бүгінде кәсіпорынның Ресей, Белоруссия, Литва, Италия, Ұлыбритания, Германия сияқты алты елінде 53 өндіріс орны бар. Компания өнімдері 95 елге жеткізіледі. Міне, «Қайрат» индустриялық аймағында тағы бір өндіріс орны құрылыс жұмысын бастады. 

Облыс әкімімен кездесуге келген «ТехноНИКОЛЬ Орталық Азия» ЖШС-нің бас директоры Нияз Сүлейманов биыл маусым айында басталған құрылыс жұмысын 2023 жылы күзге қарай толық бітіріп, ел игілігіне береміз деп уәде етті. Онда битум-полимер материалдары, минералды мақта, композиттік плиткалар, тағы да басқа құрылыс материалдары шығарылады. Бірақ құрылыс жұмысы басталғанымен оның қарқынына кедергі келтіретін жол, су, газ, электр желілеріне қатысты біраз мәселе қордаланып қалған көрінеді. Компания өкілдерінің ұсынысын тыңдаған Амандық Ғаббасұлы бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашовқа, тиісті мекеме басшыларына және «Jetisu» ӘКК» АҚ басшыларына орын алған кемшіліктерді қалпына келтіріп, құрылыс жұмысының қарқынды жүруіне көмектесуді тапсырды.

Облыс әкімімен кездесуге келген «Zhetysu Koy» ЖШС-нің директоры Олег Плотников өзін қой етін өңдейтін Baumann Gmbh&Co.KG неміс компаниясы атынан келіп отырғанын айтып, «Береке» индустриялық аймағында жақында жұмыс бастаған компанияның бүгінгі таңда бірқатар қиындыққа бетпе-бет келгенін алға тартты. 

1930 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан бұл компанияның Германияда ет өңдеу зауыты бар. Сұраныстың көптігінен Қытаймен тығыз қарым-қатынас жасауды бастаған, әйтсе де Еуропадан ет тасымалдау бірқатар қиындық тудыруда. Сол себепті Қазақстанмен көршілес Қытайға тасымалдау әлеуетін арттыру көзделіп отыр. Немістер қазақтың қойын арнайы зерттегенде Австралия, Жаңа Зеландияның малынан еш кем түспейтініне, барлық талапқа сай екеніне көз жеткізген. Сөйтіп компания Қазақстанға 7,2 миллиард теңге инвестиция құймақ. Олег Геннадьевичтің айтуынша, бірінші кезеңде 15 мың тонна дайын өнім шығару, ал екінші кезеңде ет көлемін 30 мың тоннаға жеткізу көзделген. 

Алайда бүгінде «Zhetysu Koy» ЖШС мен «Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» АҚ арасында интернет желісін пайдалану бойынша біраз түсініспеушілік орын алыпты. «Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» АҚ басқарма басшысының орынбасары Шоқан Свогузов өз тарапынан қолданылған шараның дұрыстығын, шешімнің заңға сәйкес келетінін алға тартып, біраз дәлел көрсетуге тырысты. Ал Олег Плотников олар қабылдаған шешім кәсіпорын жұмысының жүруіне кедергі келтіретінін, тіпті өндіріс орнын көп шығынға ұшырататынын алға тартып, мәселені ертерек шешіп беруін облыс басшысынан өтінді. Қос тараптың уәжін тыңдап болған соң Амандық Ғаббасұлы:

– «Zhetysu Koy» ЖШС облыс экономикасына қомақты инвестиция құйып отыр. Келешекте қой етін өңдеу өнеркәсібінің әлеуетін көтеруге де ықпал ететін болады. Осындай қомақты инвестиция құйып отырған кәсіпорынның жұмысын жүргізу үшін тиісті мекемелер қолдан келер көмекті көрсету керек, – деп атап өтті. 

Облыс әкімінің көрсеткен бағыт-бағдары бойынша Олег Плотников пен Шоқан Ғалиханұлын ортақ келісімге келіп, тисті жұмыстарды бірлесе жүргізетін болып келісті. Іле ауданының әкімі Бағдат Қарасаев пен «Jetisu» ӘКК» АҚ өкілдері де екі тараптың мәселесін қарастырып, дұрыс шешім шығаруға көмектесетіндігін білдірді.

Соңында Ескелді ауданының кәсіпкерлері «Дюсенбинов» шаруа қожалығының жетекшісі Айдын Дюсенбинов пен «Нам» шаруа қожалығының жетекшісі Герман Нам облыс әкімімен кездесіп, Айдын Қасымұлы Ескелді ауданы, Бақтыбай ауылынан  200 басқа арналған тауарлы-сүт фермасын құру үшін 820 млн. теңге, ал Герман Николаевич бір ретте 1100 тонна картоп сақтайтын қойма салу үшін 381 млн.теңге қаржылай көмек көрсетуін сұрады. Облыс әкімі олардың жобасын көріп, болашақтағы елге жеткізер табысын сұрап білген соң «Дюсенбинов» шаруа қожалығына «Jetisu» ӘКК» АҚ арқылы жеңілдетілген пайызбен 500 млн.теңгеден астам қаржы бергізетініне уәде етті. Ал Герман Намның жобасын жүзеге асыруға да қолдан келгенше көмектесетінін жеткізді.

Жалпы, елімізде тауарлы-сүт фермаларын көптеп құрып, азық-түлік сақтайтын қоймалардың да санын арттыру керек. Осыдан бірнеше жыл бұрын облыс әкімінің тапсырмасымен Панфилов ауданында салынған қоймалардың бүгінде азық-түлік бағасын тұрақтандыруға көп септігі тиіп келеді. «Диюсенбинов» және «Нам» шаруа қожалықтарының жобасы іске асса, осы өңірдегі тұрғындардың сапалы картопты тұтынумен қатар бағаны да тұрақты ұстап тұруға болар еді.

Міне, осылай облыс әкімі бір күнде шетелдік, отандық бірнеше кәсіпкермен кездесу өткізді. Ең бастысы, олардың ұсынысы толығымен облыс басшысы тарапынан қолдау тапты.

Қажет АНДАС

Алматы облысы