КАДРЛЫҚ ӨЗГЕРІС: ЖЕТІСУ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ БҮГІН ТАҒЫ ЕКІ ӨКІМГЕ ҚОЛ ҚОЙДЫ

Уақыты: 04.08.2022
Оқылды: 2299
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Жетісу облысы әкімінің өкімімен Темірлан Амангелдіұлы Бектасов Жетісу облысының құрылыс басқармасының, ал Диас Серікұлы Серіков Жетісу облысының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы болып тағайындалды.

Темірлан Амангелдіұлы 1969 жылы туған, білімі жоғары. Қазақ мемлекеттік сәулет-құрылыс  академиясын «сумен жабдықтау, суды әкету және су қорларын қорғау», Мемлекеттік инженерлік-техникалық академияны «бағалау» мамандықтары бойынша бітірген.

Еңбек жолын Алматы облысы Қаскелең ауданында В.Ленин атындағы Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының Шығыс бөлімінің Қазақ картоп және көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында жұмысшы болып бастады.

Бірнеше жыл Қарасай, Жамбыл аудандарында сәулет, қала құрылысы, құрылыс бақылау мекемелерінде түрлі қызметтерде болды.

Кейін Алматы облысы мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының бастығы, Кербұлақ ауданы Талдыбұлақ ауылдық округінің әкімі, Алматы облысы құрылыс басқармасы бастығының орынбасары, басшысы, Панфилов ауданының әкімі, Алматы облысы әкімі аппаратының басшысы, Алматы облысы бойынша еңбек инспекциясының басшысы лауазымдарында болды.

2021 жылдың қазанынан Алматы облысының сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы болды.

***

Диас Серікұлы 1988 жылы туған, білімі жоғары. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін «экономика және бизнес», Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университетін "қаржы" (бакалавр), "экономика және бизнес" (магистратура) мамандықтары бойынша бітірді.

Еңбек жолын «Қазақстан Республикасының минералды шикізаттарды кешенді ұқсату жөніндегі ұлттық орталығы» РМК-ның инженері болып бастады.

Әр жылдары Нұр-Сұлтан қаласында «Қазақстандық индустрияны дамыту институты» АҚ бас менеджері, бас сарапшысы, орталық директорының орынбасары, директоры, «Жергілікті мазмұнды дамыту жөніндегі «NADLoC» ұлттық агенттігі» АҚ директорының орынбасары, «QazIndustry» қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ дирекциясының басшысы лауазымдарын атқарды.

2022 жылдың сәуірінен осы уақытқа дейін Алматы облысының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы болды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"