РЕСПУБЛИКА КҮНІНЕ ОРАЙ ІЛЕ АУДАНЫНДА ЖАҢА ЗАУЫТ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Уақыты: 21.10.2022
Оқылды: 1379
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Республика күні мерекесіне орай "Бент" АҚ-ның автоклавты газоблоктар өндірісі зауыты ашылды. КазЦИК ауылында орналасқан өнеркәсіп орнының жаңа бағытын Іле ауданы әкімі Бағдат Қарасаев пен зауыт президенті Дінмұхамед Кузиев іске қосты.

- Іле ауданында 21 ірі және орта өндіріс ошағы бар. «Бент» зауыты солардың қатарына кіреді. Мұндағы өндіріс жүйесі толықтай цифрландырылған. Жұмысшылар үшін де қолайлы жағдай жасалған. Тасымалдау, тамақтандыру, қаржылық және материалдық қолдау қарастырылған. Сонымен қатар, Тәуелсіздік күні қарсаңында зауыттың өзіндік оқу орталығы ашылмақ. Онда 100 адам қажетті мамандықтарды меңгеретін болады, – деді аудан әкімі Бағдат Қарасаев.

Зауыт президенті Дінмұхамед Кузиев «Бент» АҚ 1991 жылдан бастап жұмыс істеп келе жатқанын, фирма еліміздегі темірбетон тіректерін шығаратын ең ірі зауыт екенін, серіктестіктің негізгі тапсырыс берушісі «Қазақстан Темір Жолы» Ұлттық компаниясы екенін атап өтті.

Серіктестікте бұған дейін 250 адам, зауытқа қарасты «Standlad» құрылыс зертханасында 60 адам қызмет етсе, жаңа ашылған бағыт бойынша тағы 100 адам жұмыспен қамтылды.

«Автоклавты газоблоктар шығаратын өндіріс кешенінің жылдық қуаты – 100 мың тонна. Жаңа бағыттың ашылуына құйылған инвестиция көлемі 2 млрд.теңгені құрайды. «Д-600» техникалық ерекшелігімен шығарылатын кірпіш құрылыс саласында аса сұранысқа ие отандық өнім болып табылады. Сол себепті зауыттың болашағы да, бәсекелестікке қабілеттілігі де зор.

Алма ТОПАНТАЙҚЫЗЫ

Іле ауданы,

Алматы облысы