НЕСИЕГЕ ҚОЛ ЖЕТКІЗДІ

Уақыты: 13.08.2018
Оқылды: 1066
Бөлім: ЭКОНОМИКА

   «Бастау» жобасы бойынша 46 жұмыссыз несиеге қол жеткізді. Жобалар 184,3 млн. теңгеге іске асырылды. Бұл туралы облыстық кәсіпкерлер палатасының қаржылай емес қолдау көрсету бөлімінің басшысы Ерлан Датқаев айтып өтті. 

 

   Биыл жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарды кәсіпкерлік негіздеріне оқытуға бағытталған «Бастау» жобасына мыңнан аса адам қатысқан. Жоба «2017 – 2020 жылдарға арналған нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында іске асырылуда. 
– Қазіргі таңда жоба бойынша оқыған азаматтар арасында 46 адам сомасы 184,3 млн. теңге болатын шағын несиеге қол жеткізді. Қосымша 182 млн. теңгеге 50 жоба мақұлданды. Жобалардың басым бөлігі ауылшаруашылығы саласымен байланысты. Тамыз айының басында оқытудың үшінші ағымы аяқталды, – деді Ерлан Датқаев.
   Кәсіпкерлік негіздеріне оқыту аудан, қалаларда өтіп жатыр. Мемлекеттік бағдарлама аясында несиеге алғаш болып қол жеткізген азаматтардың бірі полковник Асхат Жұлынов. Еңбек өтілі бойынша зейнеткерлікке шыққан ол ауылшаруашылығымен айналысуға бел буған. Сөйтіп, бизнес жүргізу курсына жазылды. 
– Құқық қорғау саласында талай жыл қызмет еттім. Зейнеткерлікке шықсам да жұ-        мыссыз отыра алмаймын. Сондықтан «Бастау» жобасының мүмкіндіктерін пайдаланып, іскерлік қабілетімді байқап көруге бел будым. Сөйтіп, ауылды жерде тұрып жатқан соң отбасыммен мал шаруашылығымен айналысуды ұйғардық. Мемлекет қолдауының арқасында мал сатып алып, қоражай салдық, – дейді кәсіпкер.
   Қаратал ауданының тұрғыны Сәкен Құсманов та жоба бойынша өз ісін жүзеге асырған кәсіпкерлердің бірі. Сәкеннің негізгі мамандығы құрылысшы. Ол жеке цех ашуды армандаған. Кәсіпкерлікті жүргізу бойынша бір айлық оқудан өткен соң оның лего кірпіштерін шығару жобасы мақұлданып, қаражатқа ие болды.
– 6 млн. теңгеге құрал-жабдықтар сатып алып, лего кірпішінің өндірісін бастадық. Күн сайын 1000 кірпішке дейін шығарылады. Енді өнім түрін оннан асыруды жоспарлап отырмыз. Экологиялық жағынан таза кірпіштер үй құрылысына немесе көріктендіруге өте қолайлы әрі үнемді. Өнім жасауға жергілікті шикізат қолданылады. Ал оның сапасын арттыру үшін фиброталшықтарды пайдаланамыз, – дейді кәсіпкер.
   Айта кетейік, биыл «Бастау» жобасы бойынша облыстағы үш мыңнан аса жұмыссыз азаматты оқумен қамту жоспарлануда.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА.