Электр желілеріне қосылу жеңілдеді

Уақыты: 27.08.2018
Оқылды: 1334
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Кәсіпкерлер палатасында атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің облыс бойынша аумақтық департаментінің басшысы, сондай-ақ, энергия өндіруші, энергия жеткізуші және энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың өкілдері мен тұтынушылардың электр желілеріне қосылу үрдістерін оңтайландыру және электрмен жабдықтау сапасын жақсарту бойынша шараларды түсіндіруге арналған жиын өтті. 

Аталмыш департамент басшысы Ерлан Нұркерімов кәсіпкерлік қызметті түбегейлі жақсарту және Қазақстанның көрсеткіштерін дүниежүзілік банктің «Doing Business»  халықаралық рейтингінде және дүниежүзілік экономикалық форумның жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінде жақсарту бойынша қарқынды жұмыс жүргізіп жатқанын мәлімдеді. Жиында белгілі болғандай, жыл басынан бері департамент кәсіпкерлер арасында қолға алынған шараларды түсіндіру жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыруда. 
Электр желілерін тұрақты түрде модернизациялау Қазақстан Республикасының бірыңғай электр және энергетикалық жүйесінде технологиялық ақауларды 2015 жылы 4 209-дан 2017 жылы 3 796-ға дейін, яғни 11 пайыз төмендеткен. 
– Электрмен жабдықтау желілерінің жүйесін оңтайландыру үшін ҚР Энергетика министрлігі тарапынан қосылу үрдістерінің санын төртке дейін төмендету үшін бірқатар заңнамалық өзгертулер енгізілді. Электрмен жабдықтау туралы келісімшарт пен электр энергиясын есепке алу құралдарының пломбасын алу біріктірілді. Тұтынушының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органы мен жол полициясын хабарлау қажеттілігі алынып тасталды. Бұл талап электрмен жабдықтау желілеріне құрылыс – монтаждау жұмыстарын жүргізетін ұйымдарға жүктелді. 2016 жылы Электр энергиясын қолдану туралы ережеге өзгертулер мен толықтырулар енгізу аясында құрылыс-монтаждау жұмыстарын аяқтаған соң энергетикалық сараптама қорытындысын алу қажеттілігі жойылды, – деп түсіндірді аталмыш департамент мамандары. 
Жүргізілген реформалардың нәтижесінде ендігі кезекте кәсіпкер үшін нысанды электрмен жабдықтау желісіне қосылу төрт үрдістен тұрады. Олар: өтініш беру мен энергия жеткізуші ұйымнан техникалық шарттарды алу – 4 күн; құрылысты бастауға тапсырыс беру мен күту (жобаны әзірлеу, келісім алу мен бекіту) 33 күн; бекітілген жобаға сәйкес құрылыс-монтаждау жұмыстарының аяқталуын күту – 26 күн; электрмен жабдықтау туралы келісімшарт – 4 күн.
Кездесу барысында «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ, «ТАЭТК» АҚ, «Жетысу Энерготрейд» ЖШС мамандары кәсіпкерлер сауалдарына жауап беріп, электр желілеріне қосылуды жақсарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың қорытындысы мен ағымдағы жоспарларымен бөлісті. 
Айта кетейік, Талдықорған қаласының кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында бір терезе қағидаты бойынша «ТАЭТК» АҚ маманы кәсіпкерлерге электр желілеріне қосылу жөніндегі техникалық шарттарды беру бойынша қызмет көрсетеді.

Айгүл Байбосынова