ӨНІМ ТҮРІ КӨБЕЙДІ

Уақыты: 05.09.2018
Оқылды: 1376
Бөлім: ЭКОНОМИКА

   «Үйгентас – Береке» өндірістік кооперативінің жұмысы 2003 жылы нан пісіруден басталды. Кәсіпорын басшысы Болат Жункураевтың тәжірибесі мен біліктілігінің арқасында кооперативтің қызметі кеңейіп, ұн өнімдерінің түрі көбейді. Соның ішінде нан, тоқаш пен кондитерлік және кулинарлық өнімдер де бар. Қазіргі кезде наубайханада екі жүзден аса өнім шығарылады.

 

   «Үйгентас – Береке» өндірістік кооперативі» ЖШС басқармасының төрағасы Болат Жункураев: «Кәсіпорында төрт өндірістік цех жұмыс істейді. Онда нан, тоқаш пен кондитерлік, кулинарлық өнімдер дайындалады. Сондай-ақ, екі жүз орынға арналған «Береке» кафесінің ас бөлмесі бар. Жыл өткен сайын өнім түрі көбейіп  келеді. Жаңа рецептураларды ойлап тауып, қолданысқа енгізудеміз. Жылдық қуаттылығымыз 195 тонна өнім. Бір айдың өзінде 600 литр сүт дайындалады», – деді. 
   Өндірістік кооператив Алакөл ауданының Қабанбай ауылында орналасқан. Ол өңірдегі ірі және жетекші кәсіпорынның бірі саналады. Қазір мұнда қырық адам жұмыс істейді. Компания жыл бойы кәсібін дөңгелентіп, жұмысын жетілдіруде. Түрлі байқауға да қатысады. 
   Кәсіпорын бірнеше жылдан бері «Ұлттық бизнес-рейтинг» жобасының қатысушысы атанып, ТОП-50 кәсіпорындар тобына кірді. Сарапшылардың бағалауынша, бұл кооперативтің экономикалық көрсеткіштері республикалық орташа статистикалық көрсеткіштерден жоғары. Сондықтан, көшбасшылық символиканы жарнама және маркетингтік мақсаттарда қолдану мүмкіндігі бар. 
   Ұлттық бизнес-рейтинг қорытындысы негізінде өндірістік кооператив үздік атанып, «Сала көшбасшысы – 2013» атағымен марапатталды. Қызметкерлер де түрлі аталым бойынша жеңімпаз атанған. Кәсіпорын жыл сайын «Ақ дастарқан» байқауына қатысып, «Үздік аспаз», «Үздік кондитер» номинациялары бойынша жеңімпаз атануда. Биыл аталмыш кооператив Талдықорғанда өткен «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік-көрме байқауына қатысып, өнімдері жоғары бағаға ие болды. Ендігі таңда бұл компания сапа саласындағы «Алтын сапа» ҚР Президентінің сыйлығы байқауына қатысуды мақсат етіп отыр.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА.