Ерлан Қарин: Ауыл әкімдерін сайлау еліміздің саяси өмірінде қалыпты құбылысқа айналды

Уақыты: 16.08.2023
Оқылды: 1045
Бөлім: САЯСАТ

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин  Қазақстан халқы ауыл әкімдерін өздері тікелей сайлап жатқанын, бұған дейін 7 облыс бойынша әкімдер сайланғанын жеткізді. 

Бұл туралы ол Telegram желісінде жазды, деп хабарлайды  7-su.kz желілік басылымы. 

"Өткен жексенбі күні, яғни 13 тамызда еліміздің 7 облысында 17 ауылдың әкімі сайланды.
Соңғы екі жылда Президенттің саяси реформалар бағдарламасы аясында ауыл әкімдерін халықтың өзі тікелей сайлайтын болды. Осы уақытқа дейін 1 668 ауыл, ауылдық округ, аудандық маңызы бар қала әкімдері сайланды. Үміткерлердің 75 пайызын саяси партиялар ұсынса, қалған 25 пайызы өзін-өзі ұсынушылар.
Сондай-ақ сайланған әкімдердің жартысынан астамы (57,4%) бұрын мұндай қызмет атқармаған. Бұл ауыл әкімдерінің корпусы айтарлықтай жаңарды деген сөз.
Бұдан бөлек жергілікті әкімдердің құрамы да біршама «жасарды». Бүгінде сайланған әкімдердің орташа жасы 45 жасты құрайды.
Алдағы жексенбіде, 20 тамыз күні 3 облыстағы 21 ауыл әкімінің сайлауы өтеді. 2023 жылдың соңына дейін барлығы 199 елді мекенде жаңадан әкімдер сайланады. Солайша, ауыл әкімдерін сайлау еліміздің саяси өмірінде қалыпты құбылысқа айналды", - деп жазды ол. 

Фото: ашық дереккөзден