Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

СӨЗДЕН ІСКЕ! САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМАНЫҢ КЕРБҰЛАҚ АУДАНЫНДАҒЫ НӘТИЖЕСІ

Уақыты: 10.11.2021
Оқылды: 745

«Nur otan» партиясы – Қазақстанның қарқынды дамып, өркендеуін мақсат тұтқан партия, ең ірі саяси күш. Елімізде орын алған қандай да бір сындарлы уақытта нұротандықтар әрдайым халықтың жанынан табылып, халықпен бірге қиындықты еңсеріп келеді. Сондықтан да, «Nur otan» партиясының 2025 жылға дейінгі «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасы – қолға алынып жатқан реформалардың заңды жалғасы. Бүгінде партиямыздың өзіндік дәстүрі, қол жеткен табысы мен тәжірибесі, қатары қалың жақтастары бар. Партия 22 жыл ішінде Президенттің стратегияларын іске асырудағы сенімді тірегіне, қазіргі заманғы талаптарға сай қалыптасып, жаңа әрі заманауи тұрпатты партияға айналды.

«Nur Otan» партиясының ең қуатты саяси күшке айналуы партия Лидері, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тікелей байланысты. Партияның сайлауалды бағдарламасында Елбасы басшылығымен өткен жол зерделеніп, Қазақстанның басты 10 жетістігі атап көрсетілген. Олар: Қазақстанның айналасына «тату көршілік белдеуінің» түзілгені, экологиялық апаты асқынған аймақтарды қалпына келтіру жұмыстарының жүргізілгені, Қазақстанда бірлік пен тұрақтылықтың орнығуы, жаңа нарықтық экономика құрылып, еліміздің әлеуетінің артуы, демографиялық дағдарыстың еңсерілуі, қазақстандықтардың өмір сүру сапасының жақсаруы, экономиканың жаңа салаларының қалыптасуы, еліміздің ұзақ мерзімді экономикалық қауіпсіздігі үшін жағдайлардың жасалуы, көлік тәуелсіздігінің қамтамасыз етілуі, ел мақтанышы - жаңа астананың бой көтеруі.

Міне, Елбасы жүргізген саясаттың арқасында қол жеткізген жетістіктеріміз. Ендігі біздің басты міндетіміз – партия жобалары мен бағдарламаларының нәтижелі іске асырылуын ұйымдастыру.

Елбасы, партия Лидері Н.Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес әрбір өңір, қала және аудан алдағы 5 жылға арналған өз сайлауалды бағдарламаларын  әзірлегені белгілі.

«Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасы ол – Елбасы айтқандай, елді сақтау, тәуелсіздікті нығайту және ұлттың болашаққа баратын жолы. Сонымен бірге, ол – саяси, экономикалық, әлеуметтік бастамаларды жүзеге асырудың кепілі.

Аудан көлемінде 2020 жылдың 11 қарашасында «Nur Otan» партиясы Кербұлақ аудандық филиалының кезектен тыс XXVII конференциясының қаулысымен аудандық партия филиалының сайлауалды бағдарламасы бекітілді. Аудандық сайлауалды бағдарламаға алдағы 5 жыл көлемінде атқарылатын  жұмыс жоспарлары енгізілді.

Сайлауалды бағдарлама негізгі 7 басымдықтан тұрады. Олар: экономикалық тұрақты аудан; өмір сүру үшін қолайлы аудан; әлеуметтік бағдарланған аудан; жастарға арналған аудан; тарихы мен мәдениеті дамыған аудан; ашық және есеп беретін жергілікті органдар; қауіпсіз аудан.

Сайлауалды бағдарламаны іске асыру мақсатында Кербұлақ ауданының аумақтарын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған бағдарламасына негізделген   «Жол картасы» әзірленді. Әрбір іс-шараның уақытылы орындалуына жауапты мекеме басшылары бекітілді. Сонымен қатар, аудандық мәслихат депутаттары да жоспарланған іс-шараны қадағалаушы ретінде бекітілді. «Жол картасының» уақытылы әрі сапалы орындалуы бойынша мониторинг жұмыстары жүргізіліп, қорытындысы Саяси кеңес бюросы, партиялық бақылау және депутаттық фракция отырыстарында талқыланып, оларғы қатысты тапсырмалар беріліп,  орындалуы жауапты тұлғаларға жүктеледі.

2021-2025 жылдарға арналған «Жол картасын» орындау барысында алдағы бес жыл ішінде 24 индикатор және 81 іс-шара іске асырылып, жалпы инвестициясы 25,7 млрд.теңгені құрайтын ең өзекті 4 инвестициялық жоба жүзеге асырылатын болады.

Қысқаша жоспарланған іс-шараларды атап өтсек. Алдағы 5 жылдықта 29 шақырым құрайтын 10 ауылдың ішкі көше жолдары мен 86 шақырым құрайтын 6 ауылдың су жүйелері қайта жөндеуден өтіп, 14 елді мекенге газ тарату желілері салынады. Көксу өзені бойында су электр станциясы салынып, «Матай», «Жаманбұлақ», «Талдыбұлақ» су каналдары мен тоғандары қалпына келтіріледі. Аудан орталығында кірпіш цехын ашу да жоспарланған.Халықтың тұрмыс жағдайын жақсарту мақсатында 100 пәтерлі 2 көп қабатты және 100 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілетін болады. Сонымен қатар, санитарлық және экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында кешенді тұрмыстық қалдықтарды тиеу алаңын салу, құрамында сынабы бар қалдықтарға арналған контейнерлер қою да жоспарда бар.

Медициналық қызметке қолжетімділік пен сапаны арттыру мақсатында санитарлық-эпидемиологиялық қызметті күшейту, онлайн-медицинаны дамыту, медицина саласына емдеу және зерттеудегі жоғары техникалық әдістерді енгізу, кәсіби мамандарды тарту, Сарыөзек ауылында 250 келушіге арналған поликлиника салу, 7 емдеу мекемелерінің ағымды жөндеу жұмыстары да жоспарға енгізілген.

Білім сапасын арттыру мақсатында заманауи жаңа талаптарды ескере отырып, мұғалімдерді дайындау, жоғары және 1 дәрежелі ұстаздар қатарын көбейту, 5 мектеп құрылысы, 6 мектептің ағымды жөндеу жұмыстары, 4 мектепке мәжіліс және спорт залын салу да іске асырылмақ. Сондай-ақ, жаңа жұмыс орындарын ашу, ауыл тұрғындарының табысын арттыру, кәсіпкерлікті қолдау, бұқаралық спортты дамыту, жастарға арналған аудан,барлығына бірдей мүмкіндіктер жасау, тарих пен мәдениетті дамыту, ашық және есепті жергілікті органдарды жандандыру, халыққа қауіпсіз аудан қалыптастыру және басқа іс-шаралар да қарастырылған.

2021 жылға 24 индикатор және 43 іс-шара қарастырылған. 2021 жылғы қаржы көлемі 9,4 млрд теңгені құрайды, оның ішінде республикалық бюджеттен 2,7 млрд.теңге, жергілікті бюджеттен 2,1 млрд.теңге, жеке инвестициялар 4,6 млрд. теңге. Бүгінгі күнде 2021 жылға жоспарланған жұмыс өз деңгейінде жүргізіліп жатыр. Атап айтсақ:

Өнеркәсіп саласында:

  1. Жеке кәсіпкер "Артем" қуаттылығы тәулігіне 300 кірпіш өндіруцехын салып, кірпіш өндіру жұмыстары жүргізілуде.
  2. 2021-2025 жылдар аралығында Көксу өзенінде жалпы қуаттылығы 37 МВт («Жарық Энерго» ЖШС) су электр станциясының құрылысы жүргізілетін болады. 2021 жылы қуаттылығы 6 МВт болатын 1-ші каскадтың құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Сметалық құңы 4,5 млрд.теңгені құрайды, 25 жұмыс орны ашылу жоспарлануда.

Бұл шаралар 2021 жылы 400-ден астам жаңа жұмыс орындарын құруға және жұмыссыздық деңгейін 4,8% -дан 4,7%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.

Ауыл шаруашылығында қазіргі кезде суармалы алқаптың көлемін ұлғайтуға басымдық берілуде. Бүгінгі күні «Матай»,«Жаманбұлақ» су тоспаларын реконструкциялау жұмыстарына 100 млн.теңге жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, Жоламан және Сарыбастау ауылдық округтерінде 150 басқа арналған 2 сүт фермасын салу жоспарлануда. Мал шаруашылығын дамыту бойынша мақсатты жұмыстар ірі қара санын 56,4-тен 60 мың басқа дейін көбейту жолымен жалғасады.

Мұның бәрі ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемін 57,5 млрд.теңгеге жеткізуге және ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін 106,2 пайызға арттыруға мүмкіндік береді.

Сарыөзек ауылында газ тарату станциясының құрылысына байланысты елді мекендерді газдандыру жұмыстары жүргізілуде. Магистральды газ құбырына қосылудың бірінші кезеңі Сарыөзек ауылына 2021-2022 жылдары жоспарланған, құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

Ауданда тұрғын үй кезегінде 1227 отбасы тұр, онда 3012 адам кезекте тұр. Баспанамен қамтамасыз ету мақсатында 2021 жылы40 пәтерлік 5 қабатты тұрғын үйдің және 50 тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, қолданысқа берілмекші.

«Қауіпсіз аймақ» басымдығы аясында Шұбар, Қаспан, Сарыбастау ауылдарында көшелерді түнгі жарықтандыру жоспарланып, құрылыс жұмыстары аяқталу үстінде.

Бүгінгі күнге 2021 жылға жоспарланған Сайлауалды бағдарламаның 24 индикатор мен 43 іс-шарадан, 9 индикатор және 13 іс-шара 9 айда толығымен орындалды, қалған көрсеткіштер мен іс-шаралар жыл соңына дейін бітеді.

Алдағы бесжылдықта атқарылатын шаралар ел игілігі үшін атқарылып, тек оң нәтиже береді деген сенімдеміз. Бірлігіміз мызғымаса, ынтымағымыз ыдырамаса, біз үшін алынбайтын асу, бағынбайтын белес жоқ. Баршаңыздың алдағы атқарылатын жұмыстарыңыз нәтижелі болғай.

Г.КАМАМБАЕВА,

«Nur Otan» партиясы Кербұлақ аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары,

Кербұлақ аудандық мәслихат депутаты