КӘСІПОДАҚТАР ҚОҒАМҒА ӘДІЛДІК, ЫНТЫМАҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫН ЕНГІЗЕДІ

Уақыты: 09.11.2020
Оқылды: 1124
Бөлім: МІНБЕР

Қазір елімізде кәсіподақтар жұмысы қарқынды. Олай болар жөні бар. Өйткені, кәсіподақтар жұмысы қоғам өмірін тұрақтандыру үшін ауадай қажет.

Айталық, еңбек адамдарының заңды құқықтарын жан-жақты қорғауда кәсіпорындарда еңбек дауларының алдын алып, шиеленіскен жағдайға дейін жеткізбей, көптеген әлеуметтік мәселені жергілікті жерлерде, еңбек ұжымдарында жедел шешіп беруге жол ашып беріп отырады.

«Nur Otan» партиясы Алматы облыстық филиалы ғимаратында осы тақырып аясында "дөңгелек үстел" өтті. Мұндағы мақсат – кәсіподақ ұйымдарының жұмысын жетілдіруде әртараптандырылған шараларды қолға алу.

- Кәсіподақ - мемлекет пен жұмыс берушіге тәуелсіз, жалдамалы жұмыскерлердің экономикалық мүдделерін, құқығын ұжымдық шарт сынды түрлі құралдармен қорғайтын қоғамдық ұйым. Кәсіподақтар азаматтық қоғамға ынтымақтастық, әділдік, береке-бірлік тәрізді қажетті құндылықтарды енгізеді. Бұл құрылымдардың бастапқы міндеттерінің бірі - қоғамдық мүдделерді теңестіру және дауларды алдын ала келісім аясында реттеу, - деді «Nur Otan» партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Серік Нұрқадырұлы.

Жиын барысында Алматы облысының кәсіподақтар федерациясының төрағасы Әсет Қыдырманов өңірде атқарылған оңтайлы жұмыстарын баяндады. Сондай-ақ, «Nur Otan» партиясы Алматы облыстық филиалы мен облыстық кәсіподақтар федерациясы арасында жасалған меморандум аясында атқарылар шаруаларға тоқталып өтті.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"