Іле ауданында синтетикалық есірткіні насихаттаған нашақор ұсталды.
Қолға түскен 40 жастағы азамат бұған дейін де есірткі таратқаны үшін 5 жылға сотталып, жазасын өтеген. Ол профилактикалық тізімде нашақор ретінде тіркеуде тұр. Ол Іле ауданында есірткіге қарсы «Допинг» профилактикалық шарасы жүріп жатқан кезде ұсталған. Бұл шараның негізгі бағыты - синтетикалық есірткінің қоғамдық орында насихатталуына жол бермеу.
- Іздеу барысында 40 жастағы Алматы қаласының тұрғыны ұсталды. Ол үйлердің қақпасына, қоғамдық жерлерге синтетикалық есірткіні жарнамалап, түрлі сайттар арқылы табыс табуға шақырғанын мойындады, - деді Алматы облыстық полиция департаменті өкілдері.
Тінту кезінде оның пәтерінен аэрозол бояулары, жарнама заттары тәркіленді. Қазір бұл факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 299-бабы, 1-бөлігі, 1-тармағына сәйкес сотқа дейінгі тергеу басталды.
"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"