АЛМАТЫДАҒЫ АТЫСҚА КІНӘЛІ АДАМ ӨМІР БОЙЫ ТҮРМЕДЕ ОТЫРУЫ МҮМКІН

Уақыты: 21.09.2021
Оқылды: 1177
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев атыстан қаза тапқан бес адамның жақындарына көңіл айтты.

Алматыдағы атысқа қатысты жеке сот орындаушылар палатасы түсініктеме берді. «Жеке сот орындаушыларының республикалық палатасы Алматыда 20 қыркүйекте қызметтік міндетін атқару барысында қаза тапқан жеке сот орындаушыларының отбасылары мен жақындарына қайғыра отырып көңіл айтады. Марқұмдардың артында отбасы және кәмелет жасына толмаған балалары қалды», - делінген палата хабарламасында.

Палатаның мәлімдеуінше, аталған үйден шығару жөніндегі орындау өндірісі екі жеке тұлғаның арасындағы келіспеушілікке қатысты болған. «Мүлік меншігі құқығы тіркелген адам баспананы электронды сауда-саттықта сатып алған, ол бұрынғы тұрғындарды көшіріп жіберу жөнінде сотқа жүгінген. 2020 жылы 10 маусымда сот аталмыш өтінішті қанағаттандырды. Борышкерге былтырдан бері бірнеше рет сот шешімін орындау қажеттілігі жөнінде ескертілген», - деді палата өкілдері.

«Алатау ауданында болған қайғылы оқиғадан қаза тапқандардың отбасыларына қайғырып көңіл айтамын. Барлық тиісті көмек пен қолдау көрсетіледі», - деп жазды қала басшысы өзінің Twitter парақшасында.

Айта кетейік, осыған дейін Алматыда атыс болып, 5 адам қаза тапты. Аталған жағдай бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Алматы қалалық полициясының мәлімдеуінше, кінәлі адам 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"