Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

АЛАКӨЛДЕ БЕЛГІСІЗ ЕР АДАМ ТАС ЛАҚТЫРЫП, ОҚУШЫ ҚЫЗДЫ ЖАРАҚАТТАДЫ

Уақыты: 14.07.2022
Оқылды: 2310
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алакөл жағалауында белгісіз ер адам тас лақтырып, 8 жастағы қыз баланы жарақаттады. Қыз бала ауруханаға түсті.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Ақши ауылына Алакөл жағасында демалуға барған ерлі-зайыпты арыз түсірген.

«Шағымданушылардың айтуынша, олар демалыс орнын іздеп жүрген. Сол сәтте олардың көлігіне белгісіз ер адам тас лақтырып, автомобильді бүлдірген. Машинада үлкендерден бөлек, тағы төрт бала болған. 8 жастағы қыз зардап шекті. Ол облыстық балалар ауруханасына жатқызылды. Жедел іздестіру барысында Жаркент қаласының 28 жастағы тұрғыны ұсталды. Ол ішімдік ішкендіктен, осындай бұзақылық жасағанын түсіндірді. Қазір аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің бұзақылық бабымен тергеу жүргізіліп жатыр. Қажетті сараптамалар тағайындалды», - делінген полиция хабарламасында.

Тергеу барысында күдікті ешқайда кетпеу қолхатымен босатылды. Айта кетсек, Алакөлге демалуға барып, келеңсіз жайтқа тап болғандар – Талдықорған қаласының тұрғындары.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"