ҰЛТТЫҚ БІРЫҢҒАЙ ТЕСТІЛЕУДЕГІ ЖЕМҚОРЛЫҚ: АТА-АНАЛАРҒА ЕСКЕРТУ

Уақыты: 18.06.2020
Оқылды: 1121
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері Ұлттық бірыңғай тестілеу алдында ата-аналарға аса маңызды ескерту жариялайды. Ол - сыбайлас жемқорлық үшін жауапкершіліктің қатаң болатыны.

21 маусымда бүкіл республика бойынша мектеп оқушылары өміріндегі басты оқиғалардың бірі - Ұлттық бірыңғай тестілеу басталады. Бұл тестілеудің сәтті өтуінің арқасында түлектердің жоғары оқу орындарында әрі қарай ақылы немесе мемлекеттік гранттың негізінде тегін білім алуы анықталады.

Тестілеудің ашықтығы мен объективтілігін қамтамасыз ету үшін Білім және ғылым министрлігінің бұйрығымен еліміздің барлық аймақтарында жұмыс тобы құрылды. Оның құрамына арнайы мониторинг тобы, «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің өкілдері және агенттік қызметкерлері кіреді.

Бұл топтың негізгі мақсаты - тестілеудің «тазалығын» бақылау. Қандай да бір сәйкессіздіктер немесе тестілеуді адал емес жолмен тапсыру жағдайлары анықталғанда, олар бұл туралы жауапты тұлғаларға хабарлауға міндетті.

Қазір агенттік әлеуметтік желілерде, WhatApp мессенджерлеріндегі ата-аналар топтарына мониторинг ұйымдастыруда.Оның нәтижесімен Ұлттық бірынғай тестілеуден оң нәтижеге қол жеткізуге жәрдем көрсету бойынша белгісіз азаматтар анықталуда.

Осыған байланысты агенттік оқушыларды тек өз білімдеріне ғана сүйене отырып, тест тапсыруға шақырады, ал ата-аналарды тестілеу қорытындысы бойынша оң баға алу мақсатында пара бергені үшін қылмыстық жауапкершілік және бас бостандығынан айыру көзделгенін ескертеді.

Егер азаматтар осындай жағдайға тап болса, сыбайлас жемқорлыққа қарсы 1424 call-орталығына  қоңырау шалу қажет.

Жалпы, агенттік Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп парасаттылық пен академиялық адалдық идеологиясын ілгерілету бойынша белсенді жұмыс жүргізуде.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет - ғаламтордан