ТАЛДЫҚОРҒАНДА ҚОРҚОР ШЕККЕН ЕКІ АЗАМАТҚА АЙЫППҰЛ САЛЫНДЫ

Уақыты: 19.08.2020
Оқылды: 813
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Талдықорған қаласында қоғамдық орында қорқор шеккен екі азаматқа айыппұл салынды. Бұл туралы Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Алматы облысының полицейлері әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында Талдықорғандағы қоғамдық орындардың бірінде түнгі уақытта екі азаматтың кальян шегіп отырғанын анықтаған. Оқиға орнына жедел жеткен тәртіп сақшылары қос азаматқа да тыйым салынған орында темекі бұйымдарын, оның ішінде, қорқорға арналған темекіні тұтынғаны үшін әкімшілік хаттама толтырды.

- Жергілікті блогерлердің бірінің парақшасында қаламыздың көрікті жерлерінің бірінде жігіт пен қыздың кальян шегіп отырғаны туралы ақпарат шықты. Қоғамдық тәртіпті бұзу дерегі бойынша аталған орынға жедел жеткен тәртіп сақшылары 18 жастағы жігіт пен 21 жастағы бойжеткенге ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 441-бабына сәйкес хаттама толтырды, - деп атап өтті Талдықорған қалалық полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Асқар Нұрсапа.

Өз кезегінде тәртіп сақшылары тұрғындарды қоғамдық тәртіпті сақтауға және коронавирус індетінің жаппай таралуына байланысты санитарлық қорғану нормаларын да қатаң ұстануға шақырады.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"