РАЙЫМБЕК АУДАНЫ: 20 ЖАСТАҒЫ ЖІГІТ АУЫЛДАСЫН ПЫШАҚТАП ТАСТАДЫ

Уақыты: 19.08.2020
Оқылды: 1172
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы облысында өз ауылдасына пышақпен дене жарақатын салған 20 жастағы жігіт ұсталды. Бұл туралы Алматы облыстық полиция департаменті мәлімдеді.

Райымбек ауданында ауылдас жігіттердің сөзге келіспей қалуы қылмысқа ұласып, бір жігіттің ауыр дене жарақатын алып, ауруханаға түсуімен аяқталды.

Қылмысты ашуға бағытталған жедел-іздестіру шаралары барысында ауылдасына қасақана пышақ жарақатын салған 20 жастағы жігіт екені анықталды. Оқиға орнынан қылмыс құралы болған пышақ табылып, іс материалдарына айғақзат ретінде тіркелді.

- Жастар арасындағы кикілжің ауыр қылмысқа әкеп соққан. Қазір оқиғаға қатысқан адамдар анықталды. Медициналық куәландыру барысында олардың ішімдік ішпегені белгілі болды. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде, - деп атап өтті Райымбек ауданы полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Мұрат Нұрдәулетов.

Ведомство басшысының ақпараты бойынша, тәртіп сақшылары ауыл балаларының арасындағы кикілжің неден туындап, қылмысқа баруына не себеп болғанын анықтап жатыр.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет - ғаламтордан