АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА МАС КҮЙІНДЕ КӨЛІК БАСҚАРҒАН БІРНЕШЕ ЖҮРГІЗУШІ ҚҰРЫҚТАЛДЫ

Уақыты: 20.08.2020
Оқылды: 1178
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы облысының полицейлері ішімдік ішіп, көлік басқарған бірнеше жүргізушіні ұстады. Соның ішінде екінші қайтара тағы да масаң күйде құрықталғандар бар. Бұл туралы Алматы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қаратал ауданының полицейлері жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында автопатрульдеу барысында Subaru Legasy автокөлігі жүргізушісінің масаң күйде көлік басқарып келе жатқанын әшкерелеген. Медициналық куәландыру кезінде 54 жастағы Үштөбе қаласының тұрғыны орта дәрежеде мас екені дәлелденген.

- Ұсталған азамат биыл қаңтар айында ішімдік ішіп, көлік тізгіндегені үшін 7 жылға көлік басқару құқығынан айырылып, қолданыстағы заңнамаға сәйкес 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынған болатын. Өз қателігін толық түсінбегенге ұқсайды. Кеше 54 жастағы Б.есімді азамат қайта масаң күйде көлік басқару кезінде ұсталды. Аталған дерек бойынша оны ҚР Қылмыстық кодексінің 346-бабына сәйкес қылмыстық жауапкершілікке тарту шаралары қабылданады, - деп хабарлады Қаратал ауданы полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Рауан Абдраимов.

Құқық бұзушы өз кінәсін толығымен мойындап, жеті жыл көлік басқаруға болмайтынын біле тұра, ішімдіктің буымен темір тұлпарын тізгіндегенін айтты. Жол ережесін өрескел бұзушыға қатысты іс материалдары жақында сот органдарының қарауына жолданады. Сот шешімі шыққанға дейін айыпталушы міндеттемемен үйіне жіберілсе де, оның темір тұлпары полиция бөлімшесі жанындағы арнайы тұраққа тоғытылды.

Осыған ұқсас оқиғаның бірі Талғар ауданында да болды. Талғар көшесінде ұсталған мас жүргізушінің былтыр сот шешімімен көлік басқару құқығынан 3 жылға айырылғаны анықталды.

Талғар ауданының жол сақшылары аудан орталығында автопатрульдеу кезінде жүрісі күмән тудырған «Volkswagen Passat» көлігін тексеру мақсатында тоқтатқан. Полицейлердің қырағылығы алдамай, көлік тізгініндегі тұлғаның масаң күйде екені анықталған.

- Талғар қаласының 39 жастағы тұрғыны масаң күйде көлік басқарғаны анықталды. Ол былтыр мамыр айында ішімдік ішіп, көлік тізгіндегені үшін 3 жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айырылған болатын. Заңға қайшы әрекетін тағы қайталағаны үшін ҚР Қылмыстық кодексінің 346-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде, - деп хабарлады Талғар ауданы полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Ерлан Қасым.

Полиция басшысының ақпаратына сәйкес, медициналық куәландыру кезінде жүргізушінің орташа дәрежеде мас екені дәлелденген. Ащы судан ішіп алып, темір тұлпарын тізгіндей беретін құқық бұзушының автокөлігі арнайы тұраққа қойылды және оған қатысты қылмыстық іс материалдары жақын арада сот органдарының қарауына жолданады.

Сарқан ауданында да масаң жүргізуші құрықталды. Ол тіпті екі жылда үш рет масаң күйде көлік басқарған.

Сарқан ауданына қарасты Лепсі ауылының 43 жастағы тұрғыны өзіне тиесілі мотоциклды масаң күйде басқарып жүргені анықталды. Тексеру барысында оның бұған дейін де жол жүру ережесін өрескел бұзып, мас күйде көлік тізгіндегені үшін жауапкершілікке тартылғаны белгілі болды.

- 1977 жылы туған жергілікті тұрғынның 2019 жылдың ақпан айында масаң күйде көлік басқарғаны үшін жүргізуші куәлігінен 3 жылға айырылғаны анықталды. Соған қарамастан ол ақпан айының соңында мас күйде көлік басқарып, ұсталды. Сот шешімімен тағы үш жылға көлік басқару құқығынан айырылып, 100 сағатқа қоғамдық жұмысқа тартылған болатын. Үшінші мәрте жасаған әрекеті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 346-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалып, іс материалдары сот қарауына жақын күндері жолданады, - дейді Сарқан ауданы полиция бөлімінің бастығының міндетін атқарушы полиция подполковнигі Елтай Самбеталинов.

Жол ережесін бұзушы азамат сот шешімімен мекенжайын өзгертпеу туралы міндеттемемен босатылды, ал оның көлігі жергілікті полиция бөлімшесінің ауласындағы арнайы тұраққа тоғытылды.

Естеріңізге сала кетейік, қолданыстағы заңнамаға тиісті өзгертулер енгізіліп, масаң күйде көлік тізгіндегені үшін қолданылатын жаза қатаңдатылған болатын.

Ішімдік ішіп, темір тұлпарын тізгіндеуді ұнататын ауыл тұрғыны заң талабына сәйкес көлік құралдарын басқару құқығынан айырылса да, алкогольдік масаң күйдегі адамның көлік құралын басқарғаны үшін бес мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не бір мың екі жүз сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазалануы мүмкін.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет - ғаламтордан