"АТЫП ӨЛТІРГЕН": АЛАКӨЛ АУДАНЫНДА АУЫР ҚЫЛМЫС ЖАСАЛДЫ

Уақыты: 22.08.2020
Оқылды: 1215
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алакөл аудандық полиция бөлімінің кезекшілігіне Үшарал ауруханасынан 21 жастағы тұрғынның оқ жарақатымен жатқызылғаны туралы хабарлама келіп түсті. Алған жарақаттарының салдарынан зардап шегуші қайтыс болған.

Осы дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 24-бабының 3-бөлігі, 99-бабының 9-тармағының 2-бөлігі бойынша ресми тіркелген соң, полиция қызметкерлері оқиғаның мән-жайын анықтауға кірісті.

- Жедел-іздестіру шаралары барысында үш сағат ішінде көрші ауылдың еш жерде жұмыс істемейтін, оқиға орнынан із суытқан 23 жастағы тұрғыны күдікке ілінді. Полиция капитаны А.Оспанов, аға лейтенант Д.Әлімжанов сынды жедел уәкілдер мен учаскелік полиция инспекторы, полиция майоры Н.Қорабаевтың үйлесімді жұмысының арқасында күн батқаннан кейін қылмысқа қатысы бар тұлға құрықталды. Ұсынылған бұлтартпас айғақтар негізінде күдікті ауыр қылмыс жасағанын мойындады, - деді Алакөл аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Саят Слямов.

Қайғылы жағдайға әкеп соққан аңшы мылтығы екені анықталды. Мылтық күдіктінің айғақтарын тексеру барысында қылмыс орнының маңындағы қараусыз қалған ғимараттан табылды. Сондай-ақ, жалғыз ұңғылы басқа аңшы мылтығы қамыс өскен су астынан шығарылды.

- Ауыр қылмысқа барудың негізгі себептері жұмысы жоқ жастардың еш себепсіз көше қаңғыруынан. Жастар арасындағы дөрекілік кикілжіңге ұласып, соңы төбелес пен адам өліміне әкеп соққан. Қазіргі уақытта күдікті азамат ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды, - деп толықтырды полиция подполковнигі Саят Слямов.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет - ғаламтордан