11 ЖАСАР БАЛАНЫ ІЗДЕУГЕ БАРЛЫҚ ПОЛИЦИЯ ЖАСАҒЫ ЖҰМЫЛДЫРЫЛДЫ

Уақыты: 24.08.2020
Оқылды: 836
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Көксу ауданының полицейлері үйінен кетіп, қонуға келмеген 11 жасар баланы іздеп тапты. Бұл туралы Алматы облысының полиция департаменті мәлімдеді.

Көксу ауданының орталығына жақын маңда орналасқан ауылдың тұрғыны түн жарымында полицияға хабарласып, ұлының үйге оралмағанын хабарлаған.

Оқиға орына жедел жеткен тәртіп сақшылары 5-сынып оқитын баланың анасына ренжіп, түстен кейін белгісіз бағытта кеткенін және бұған дейін бұлай жасамағанын анықтады.

- Жасөспірімнің мекенжайын анықтау үшін барлық полиция жасақтары жұмылдырылды. Жоғалуының салдары түрлі қайғылы жағдайға әкелетінін білгендіктен, әртүрлі болжамдар жасалды. Істің жақсы аяқталатынына сендік және таңертең жоғалған баланы аудан орталығының көшесінен таптық, - деді Көксу аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Рамиль Гимадиев.

Аудандағы ювеналды полиция тобының өкілдері жоғалып табылған жасөспіріммен және оның анасына түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Жасөспірімге үйден кетіп қалудың соңы жамандыққа әкелуі мүмкін екені және тағы да қайталанса, арнайы есепке алынатыны ескертілді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет - ғаламтордан