ХАЛЫҚ АРАСЫНДА СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ БІЛІМ ЖЕТІСПЕЙДІ

Уақыты: 07.09.2020
Оқылды: 1916
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Еліміз тәуелсіздік алғалы бері жемқорлықпен күрес жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Осы мақсатта көптеген заңдар қабылданған.

Мысалы, ҚР Қылмыстық кодексінің өкілеттіктерді теріс пайдалану (228-бап), коммерциялық сатып алу (231-бап), қызмет өкілеттігін теріс пайдалану (307-бап), билікті немесе қызметтік  өкілеттікті асыра пайдалану (308-бап), пара алу (311-бап), қылмыстық жалғандық жасау (314-бап) туралы лауазымдық қылмыс нормалары, ең алдымен, сыбайлас жемқорлыкқа қарсы күрес нормалары болып табылады.

Қазақстанда, сондай-ақ, сыбайлас жемқорлық үшін қылмыстық, тәртіптік, әкімшілік жауапкершілікті реттейтін арнайы нормативтік-құқықтық актілер де қабылданды. Оларға «Мемлекеттік қызмет туралы» (1995ж.) және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» (1998ж.) ҚР заңдары жатады. Сонымен қатар, осы саладағы ынтымақтастық туралы халықаралық актілер де бар.

Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясына орай сыбайлас жемқорлықпен күресу әрбір мемлекеттік орган басшыларының, ел азаматтарының міндеті екендігі атап көрсетілді. Аталмыш заң азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, сыбайлас жемқорлық көріністерінен туындайтын қауіп-қатерден еліміздің ұлттық қауіпсіздігін қамтамсыз етуге, жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған. Қоғамымыздың барлық саласына дендеп еніп бара жатқан жемқорлықтың жолына батыл тосқауыл қойып, олардың зардаптарын жою және мүдделілерді жауапқа тарту – бүгінгі күннің ең басты міндеттерінің бірі.

Осындай келеңсіз құбылыстармен бітіспес күрес жүргізу тек сот, құқық қорғау немесе мемлекеттік органдардың міндеті емес, барлық ұлтжанды азаматтардың парызы. Мемлекеттік органдарда жұмыс істейтіндердің өзгенің тағдырына, жұмысына деген немқұрайдылығы, тоңмойын шенеуніктердің тойымсыздығы, қарапайым анықтама алу үшін шегі мен шеті жоқ кезек мемлекеттік қызметкерлерді пара алуға, халықты пара беруге арандатады.

Халық арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы білім жетіспей жатады. Сол себепті де мұндай ауыр кеселді тек мемлекеттік және құқық қорғау органдарының күшімен жеңе алмаймыз. Жемқорлықпен күресуді бүкіл халық болып қолға алсақ қана тоқтатуға болады. Көптеген заң бұзушылықтарға жергілікті атқарушы орган басшылары тарапынан жол берілетіні байқалады. Олардың тарапынан өздерінің қарамағындағы қызметкерлерді болмашы жайтқа бола ауыр алым-салымға жүктеу жайттары жиі кездесіп жатады.

Алайда осындай заңбұзушылықтар орын ала тұра құқығы бұзылған азаматтар дер кезінде құқық қорғау органдарына хабар бермегендіктен кінәлі тұлғалар жауапкершіліктен құтылып кетеді. Осындай олқылықтарға жол бермеген жөн.

Қ. БҰЗАУБЕКОВА,

Еңбекшіқазақ аудандық қазынашылық басқармасының бас маман-бас қазынашысы

Сурет - ғаламтордан