ҚАРАСАЙ АУДАНЫНЫҢ КӨКПАРШЫЛАРЫ ӘКІМШІЛІК ЖАЗАҒА ТАРТЫЛДЫ

Уақыты: 03.09.2020
Оқылды: 831
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы облысының полициясы халықаралық жол үстінде көкпар тартқан 8 адамды жауапқа тартты. Бұл туралы Алматы облысының полиция департаменті хабарлады.

Әлеуметтік желілерді тұрақты мониторингілеу барысында Қарасай ауданындағы автожол бойында бір топ адамның ат бәйгесін ұйымдастырған бейнежазбасы анықталды. Бейнежазбада 20-30 адамнан құралған топ қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпті өрескел бұза отырып, «Алматы-Бішкек» автожолы бойында Қарасай ауданының Бұлақты ауылының маңында рұқсатсыз көкпар ұйымдастырған.

Полиция қызметкерлері жолда жарыс ұйымдастырушыларды анықтау және оларды жауапкершілікке тарту бойынша тиісті шараларды қабылдады. Нәтижесінде, көкпар ұйымдастырған және оны тартуға атсалысқан Бұлақты кентінің сегіз жергілікті тұрғыны ұсталды. Барлық аталған тұлғалар ҚР Әкімшілік құқық бұзу кодексінің 434-бабының 1-бөлігіне сәйкес «ұсақ бұзақылық» дерегі бойынша жауапкершілікке тартылды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"