СОТ ЗАЛЫНАН ШЫҚҚАН АЗАМАТ ТАҒЫ ТӨРТ ҚЫЛМЫС ЖАСАП ҮЛГЕРДІ

Уақыты: 06.09.2020
Оқылды: 1059
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы облысында сотталушы азамат сот залынан шыға сала тағы 4 қылмыс жасады. Бұл туралы Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ескелді ауданының полицейлері төрт ұрлық дерегін ашып, үкімі заңды күшіне әлі енбеген сотталушыны ұстады. Қарабұлақ ауылының екі тұрғыны үйлерінде төрт ұрлық дерегінің орын алғандығы туралы Ескелді аудандық полиция бөліміне арызданған. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы, 3-бөлігімен қылмыстық іс қозғалды.

Басшылық ұрланған мүлікті тауып, кінәлі азаматты ұстауды учаскелік инспектор, полиция лейтенанты Гаан Евгенийге тапсырған. Жас полицей қажетті ақпараттарды тез жинап, бір тәулік ішінде барлық төрт ұрлық дерегін ашты.

Күдіктінің 47 жастағы жергілікті тұрғын екендігі және жәбірленушілердің жақын туысы болып табылатындығы анықталды. Сонымен қатар, 14 күн бұрын бөтеннің мүлкін үш рет ұрлағаны үшін ұсталған азаматқа қатысты Ескелді аудандық сотының үкімі шыққаны белгілі болды. Сот оған 2 жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындаған, алайда сот залынан шыққан ол тағы да ұрлық жасаған.

Ұсынылған дәлелдерден кейін күдікті төрт ұрлық дерегін толығымен мойындады және ұрланған мүлікті қайда және кімге сатқанын көрсетті. Қазіргі уақытта ұсталған азаматқа қатысты қамауға алу түріндегі мәселе шешілуде.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет - ғаламтордан