ТЕКЕЛІДЕ 65 ЖАСТАҒЫ ӘЙЕЛДІҢ ҚҰНДЫ ЗАТТАРЫН ТОНАҒАН ҰРЫ ҚОЛҒА ТҮСТІ

Уақыты: 17.09.2020
Оқылды: 1042
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Текелі полициясы тағы бір ұрыны ұстады.

Текелі қалалық полиция басқармасының кезекші бөліміне 65 жастағы жергілікті тұрғын орталық саябақта сағат 18.30 шамасында белгісіз ер адамның шабуыл жасағаны туралы арызданған. Күдікті  азаматшаның бетінен ұрып, жеке заттарынан басқа ұялы телефоны мен ақшасы бар сөмкесін тартып алған. Жалпы шығын сомасы 76 мың теңгеден асып отыр.

Аталған дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 191-бабы, 2-бөлігі бойынша тіркелді. Ұйымдастырылған жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдікті ұсталды. Ол бұған дейін де қарақшылық, ұрлық үшін бірнеше рет сотталған, Қаратал ауданы, Қаратал ауылының 28 жастағы тұрғыны болып шықты.

Жәбірленуші жәдел әрі сапалы қызметі үшін тәртіп сақшыларына шын жүректен алғысын білдірді. Күдікті уақытша ұстау оқшаулағышына қамауға алынды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"