ҚАСКЕЛЕҢДЕ ЕСІРТКІ ШЕККЕН ЕР АДАМ КӨПІРДЕН СЕКІРМЕКШІ БОЛДЫ

Уақыты: 17.09.2020
Оқылды: 1022
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы облысының полицейлері Қаскелең өзенінің көпірінен секіріп, өмірімен қош айтысқысы келген ер адамды құтқарып қалды. Бұл туралы Алматы облысының полиция департаменті хабарлады.

Қаскелең қаласында учаскені патрульдеу кезінде №186 борт экипажы Қарасай аудандық полиция басқармасы, патрульдік полиция ротасы командирінің орынбасары, полиция майоры Б.Жарқынбеков, ППР қызметінің инспекторлары, полиция лейтенанттары Д.Жапаров және А.Айтен Қаскелең өзеніндегі көпірге Жанғозин көшесі арқылы келе жатқан.

Осы уақытта тәртіп сақшылары көпірдің қоршау бағанынан ары өткен ер адамға назар аударған. Полиция өкілдері жақындағанын байқаған ол жақын келмеуін, болмаса секіріп кететінін айтып, айғайлаған.

Айта кетейік, бұл тұста көпірдің биіктігі шамамен 25 метрді құрайды. Жағдайды ушықтырып алмас үшін тәртіп сақшылары жақындамаған. Ер адам түсініксіз күйде еді, кейінірек оның ішімдік пен есірткіге масаң күйде болғаны анықталды. Онымен сөйлесу кезінде оның 42 жастағы жергілікті тұрғын екені және оның бұған дейін есірткі сатқаны үшін сотталғаны және өзін-өзі өлтіргісі келеті белгілі болды.

Ер адамның жеке тұлғасын анықтағаннан кейін полиция дереу оның әпкесімен хабарласып, оқиға орнына шақырды. Оқиға орнына келген жақыны жұбайымен бірге ер адамға жақындап, құшақтаған кезде полиция қызметкерлері оны қауіпсіз жерге шығарып алды. Ол бірден айықтырғышқа жіберілді. Патрульдік наряд сауатты іс-қимыл арқасында қайғылы жағдайдың алдын алып, өмірден баз кешкен адамның өмірін сақтап қалды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"