ІШКІ ІСТЕР САЛАСЫНДА ҚЫЗМЕТ ЕТКЕН ЖАЛҒЫЗ СОҒЫС АРДАГЕРІ - 95 ЖАСТА!

Уақыты: 30.10.2020
Оқылды: 965
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан, Алматы облысы ішкі істер органының жалғыз ардагері Сембек Қожахметов 95 жасқа толды. Бұл туралы облыстық полиция департаменті хабарлады.

Жеңісті жақындатқан жерлесіміз аман-есен елге оралған соң ішкі істер органына қызметке кіріп, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге атсалысты. Соғыста темірдей тәртіп көрген, тамырында батырлардың қаны бар Сембек Қожахметов соғыс жылдарынан кейін ел игілігі еселеніп, қалпына келуіне сүбелі үлес қосты.

Өмір мен өлімнің арпалысынан аман келіп, барлық күш-жігерін құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге арнаған Сембек ата - жазиралы Жаркент өңірінің ғана емес, Алматы облысының мақтанышы, сұрапыл соғысты көрген Алматы облысындағы ішкі істер органының көзі тірі жалғыз ардагері.

Қожахметов Сембек 1925 жылғы 25 қазанда дүниеге келген. 1942 жылы мектеп қабырғасында жүрген 17 жасар бозбала Кеңес армиясы қатарына алынған. Ворошилов қаласындағы кіші командир курсын бітірген соң, Сталинград майданында шайқасқа кіріп, одан әрі Ленинград қаласын қорғауға қатысты. Осыдан соң 1945 жылға дейін фашистік басқыншыларға қарсы соғысып, 1945 жылы фашистік Германия тізе бүккен соң, Қиыр-Шығыс майданына жапон милитаристеріне қарсы шайқасқа аттанған.

Ұрыс кезінде бірнеше жарақат алған. Шайқаста батырлық пен ерлік көрсеткені үшін ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен, «Берлинді алғаны үшін», «1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» және басқа медальдармен марапатталды.

Ол 1951 жылы әскерден еліне оралған. 1951 жылдан 1976 жылға дейін ішкі істер органдарында түрлі қызмет атқарды. Ішкі істер саласындағы қызметі үшін «Ел игілігіне еселі еңбегі», «1,2,3 дәрежелі ІІО-да мүлтіксіз қызметі үшін», «Қоғамдық» тәртіпті қорғаудағы үздік қызметі үшін», «Еңбек ардагері» медальдарымен қатар көптеген құрмет грамоталарын, бағалы сыйлықтар иеленген.

- Алматы облысы полиция департаменті басшылығы, жеке құрамы мен ардагерлер кеңесі Қожахметов Сембек ақсақалды туған күнімен құттықтайды. Біз жеңіс үшін соғыста жанын тәуекелге тіккен ардагерді құрмет тұтамыз! Оның отбасына амандық, береке мен бақыт тілейміз! Сембек қарияның дені сау болсын, ұрпақтарының ортасында бақытқа кенеліп, көзқуанышы болып отыра берсін, - деді Алматы облысы полиция департаменті және Ұлттық Ұлан ардагерлер кеңесінің төрағасы Болат Қожақов.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"