АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА БІРНЕШЕ АВТОКӨЛІК СОҚТЫҒЫСЫП, ЕКІ АДАМ ҚАЗА ТАПТЫ

Уақыты: 06.12.2020
Оқылды: 893
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы-Бішкек тас жолының 27-шақырымында екі жүк көлігі және «Toyota Рrado» автомашинасы соқтығысты. Салдарынан екі адам қаза тапты. Бұл туралы "Жетісу" газеті полиция департаментіне сілтеме жасап хабарлады.

Оқиға кешкі сағат 18.00 шамасында болған. Алдын ала болжам бойынша, жанармай таситын және жол талғамайтын көліктер кері бұрылмақ болғанда қарсы бағытта келе жатқан бетон араластырғышқа соғылған.

Жол ережесі бойынша, екі көлік те қарсы келе жатқан көлікті өткізуі керек еді. Бетон араластырғыш көлік алдымен «Toyota Рrado» көлігіне соғылып, артынша жанармай таситын көлікке соғылған. Оқиға орнында жол талғамайтын көліктің жүргізушісі мен жолаушысы қайтыс болды.

- Қазіргі таңда жол-көлік оқиғасы бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің 345 бабы, 4-ші бөлігі бойынша іс қозғалып, тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Іс Алматы облыстық полиция департаменті тергеу басқармасының қадағалауына алынды, - делінген Алматы облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің ресми хабарламасында.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет - ғаламтордан