АЛМАТЫ ВОКЗАЛЫНДА ЕСІРТКІ САТАТЫН АЗАМАТ 6 ЖЫЛҒА СОТТАЛДЫ

Уақыты: 07.12.2020
Оқылды: 824
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Ағымдағы жылы Алматы-1 станциясындағы желілік полиция басқармасына белгісіз ер адамның Алматы-1 теміржол вокзалы аумағында есірткі заттарын сатумен айналысатыны туралы ақпарат келіп түсті. Бұл туралы көліктегі полиция департаменті бастығының орынбасары Нұржан Әлібаев айтты.

Оның айтуынша, көлік полицейлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Алматы қаласының 48 жастағы тұрғынын анықтап, ұстады.

- Сот-химиялық сараптама қорытындысына сәйкес күдіктіден тәркіленіп алынған заттың жалпы салмағы 0,15 граммды құрайтын «героин» есірткі заты болып шықты. Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабы, 1-бөлігімен, яғни, есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, оларды жөнелту не өткізу бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілді, - деді полиция полковнигі Н.Әлібаев.

«Алматы қаласы Түрксіб аудандық сотының үкімімен жоғарыда аталған құқықбұзушы қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды»,- деді ол.

Айта кетейік, жыл басынан бері көлік полицейлерімен есірткі заттарының заңсыз айналымына байланысты 403 құқықбұзушылық анықталды, оның ішінде 28 өткізу фактісі, 18 аса ірі мөлшерде сақтау фактісі және 4 контрабанда фактісі бар. Заңсыз айналымнан барлығы 158 келіден аса түрлі есірткі құралдары тәркіленді.

Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі