АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ЖЫЛ БАСЫНАН БЕРІ 641 НАШАҚОРЛЫҚ ДЕРЕГІ ТІРКЕЛДІ

Уақыты: 09.12.2020
Оқылды: 1249
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы облысының полицейлері бір тәулік ішінде есірткіні заңсыз пайдаланудың он дерегін әшкереледі. Бұл жайында Алматы облысының полиция департаменті мәлімдеді.

Алматы облысындағы есірткінің заңсыз айналымына тосқауыл қоюшы полицейлер алдын алу жұмыстары барысында 10 нашақордың заңсыз әрекеті анықталды. Аталған деректер бойынша еліміздің қолданыстағы заңнамасына сәйкес қылмыстық іс қозғалды.

- Жыл басынан бері біз есірткіге қатысты 641 қылмысты әшкереледік. Ауыр қылмыстар санатына жататын есірткі сатудың 73 дерегі тіркелсе, оның 23 жағдайында аса ірі көлем екені анықталды, - деп хабарлады Алматы облысы полиция департаменті есірткіге қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы, полиция полковнигі Қазбек Мұхамедов.

Басқарма бастығының ақпараты бойынша полицейлер жыл басынан бері төрт жарым тоннадан астам әртүрлі есірткі өнімдерін тәркілеп, көзін жойған. «Оның ішінде 307 грамм героин, 530 килограмға жуық марихуана, 45 килограмға жуық гашиш, сондай-ақ, 400 граммнан астам әртүрлі синтетикалық есірткі түрлері бар. Облыс аумағындағы есірткінің заңсыз айналымының жолын кесуге бағытталған шараларды жоспарлы түрде жалғастырамыз», - деп толықтырды полковник Қазбек Мұхамедов.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"