ТАЛДЫҚОРҒАНДА ТҮНДЕ ЖҮРЕТІН ЖАСӨСПІРІМДЕР ЖАППАЙ ЕСЕПКЕ АЛЫНДЫ

Уақыты: 12.12.2020
Оқылды: 1362
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы облысының полицейлері балалар мен кәмелетке толмағандардың түнгі бос уақытын қалай өткізетінін тексерді. Бұл туралы полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Шараның алғашқы күні профилактикалық есепке 18 жасөспірім мен 11 отбасы қойылды. «Түнгі қаладағы балалар» жедел алдын алу іс-шарасының мақсаты – кәмелетке толмағандар арасында жасалатын және олар зардап шегетін қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу.

- Жедел алдын алу іс-шарасының бірінші күні ювеналды полиция инспекторлары мен басқа да қызметтердің үш жүзден астам қызметкері жұмылдырылды. Олармен бірге білім және денсаулық сақтау өкілдері, прокуратура қызметкерлері, сондай-ақ, ата-аналар комитеттері болды. Жедел алдын алу іс-шарасының алғашқы күні 147 ойын-сауық орны мен 92 жертөле тексерілді, - деді Алматы облысы полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, полиция полковнигі Бағдат Әшімов.

Жасөспірімдерді уақытша бейімдеу орталықтарына қадағалаусыз және панасыз қалған 3 бала орналастырылды. Тұрғылықты жері бойынша ішкі істер органдарының есебінде тұрған 88 кәмелетке толмаған және 132 қолайсыз отбасы тексерілді. «Бұл іс-шара құқық бұзушылыққа бейім жасөспірімдерді, сондай-ақ, балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді тиісті түрде орындамайтын кәмелетке толмағандардың ата-аналарын немесе заңды өкілдерін анықтауға мүмкіндік береді», - деп атап өтті полковник Б.Әшімов.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"