СОТТАЛЫП КЕЛГЕНДЕРДІ ҚАДАҒАЛАУ НЕМЕСЕ ҚАЙТА ЖАЗА ТАҒАЙЫНДАУ

Уақыты: 18.01.2021
Оқылды: 1172
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Сотталғандардың арасында қылмыстың қайта жасалуының алдын алудың негізгі әдістерінің бірі – тұрғылықты жері бойынша тексеру. Сонымен қатар, сотталғандармен ғана емес, олардың туыстарымен, сотталғандарға жақын адамдармен сөйлесу жұмыстарын жүргізу негізгі міндет болып табылады.

ҚР Ішкі істер министрінің 2014 жылдың 18 тамызындағы «Пробация қызметтерінің есебінде тұрған адамдардың мінез-құлқына бақылау жасау жөніндегі пробация қызметтері мен полиция бөлімшелерінің өзара іс-қимыл жасасу қағидасын бекіту туралы» №517 бұйрығын, 2014 жылдың 15 тамызындағы «Пробация қызметінің жұмысын ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы» №511 бұйрықтарын негізге ала отырып, пробация қызметтерінде тіркелген адамдардың жаңа құқықбұзушылық жасауының алдын алу мақсатында сотталған адамның мекенжайы мен жұмыс орындары бойынша тексеріс жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ, бас бостандығын шектеу түріндегі жазаны өтеу мерзімін қасақана бұзғандықтары үшін А.Чаблина, А.Абитов, Р.Синичкиндерге бас бостандығын шектеу жазаларының қалған бөліктері бас бостандығынан айыру түріндегі жазаға сотпен ауыстырылды.

Сотталғандар К.Салова мен А.Шевцовтің қоғамдық тәртіпті бірнеше рет бұзатын, сот берген міндеттемелерді елемейтін, еркін қоғамда түзелуді қаламайтындар қатарынан екені анықталды. Қаңтар айының соңында аталған сотталғандарға қатысты жазасын бас бостандығынан айыру туралы мәселе сот отырысында қарастырылады.

Б.ЖЕТМЕКОВА,

Алматы облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті Қапшағай қалалық пробация қызметі бөлімінің бастығы,

әділет майоры

Сурет - ғаламтордан