АҚСУ АУДАНЫНДА ҚУҒЫН-СҮРГІН ҚҰРБАНДАРЫНА ЕСКЕРТКІШ ҚОЙЫЛДЫ

Уақыты: 04.11.2021
Оқылды: 2678
Бөлім: ТҮПСАНА

Ақсу ауданының Сағабүйен ауылында отызыншы жылдары жазықсыз қуғын-сүргінге ұшыраған арыстарымыз бен ашаршылық құрбандарына арналып ескерткіш ашылды. Бұл туралы "Жетісу" газетінің тілшісі хабарлады.

Сол бір жылдары елдің бас көтерер зиялы, беделді азаматтары "қызыл қырғыннан" халықты аман алып қалу үшін "үш әріптің" құрығына ілінді. Талай адам жазықсыз атылып кетті. Талғажау таппай, қаншама адамның сүйегі ит пен құсқа жем болды десеңізші?! Зұлмат жылдардың қасіретін бір мақала аясына сыйғызу мүмкін емес екені айтпаса да түсінікті. Ақсулықтар орнатқан ескерткіш қаралы жылдарға қойылған шағын белгі болғанымен, көтерер жүгі ауыр, Алаш рухы алдындағы ауқымды іс.

Нәубетте "итжеккенге" айдалып, жазықсыз ажал құшқандарға арналған белгітас ауыл азаматы Ерлан Рамазановтың демеушілігімен қойылған. Ескерткіштің ашылуында бір минут үнсіздік жарияланып, жиналған көпшілік Алаш арыстарын, зұлмат жылдардың құрбандарын еске алды.

Белгітастың ашылуында Ақсу ауданының әкімі Есім Базарханов сөз сөйлеп, ашаршылық жылдарынан сыр шертті. Қолдан жасалған аштық, саяси қуғын-сүргін мыңдаған қазақтың өмірін жалмады. Талай отбасы ойран болды. Аштық жайлаған жұртшылық жан-жаққа босуына тура келді. Ал аштықтан аман қалғандардың біраз бөлігі атылды, асылды, Сібірге айдалды. Көңілге кірбің ұялатқан сол бір қаралы жылдар ел жадынан өшпесі анық.

Осындай қилы кезеңді қайта парақтаған аудан әкімі бұл белгітастың болашақ ұрпақтың тарихты қайта танып-білуі үшін орны бөлек, маңызы зор екенін жеткізді. Шара соңынан қуғын-сүргін құрбандарына Құран оқылып, ас берілді.

Бұл ескерткіш шараға қатысқан әр қазақтың жүрегін сыздатты. Өйткені, бірінің атасы, бірінің бабасы осы "қызыл жүйенің" зардабын тартқаны белгілі. Бүйен-Ақсу көтерілісіне біздің атамыз Тұрсын төре де қатысып, әскер басқарған. Ол ел-жұртты арғы бетке өткізіп, аман алып қалмақшы болып, көш бастап бара жатып шегара отрядының басшысы Курносовтың қолынан қаза тапқан. Курносовты жер жастандырған Нұрмұхамбет Жөкейұлына дәл осы маңнан ескерткіш тақта қойылған.

Зобалаңда сүйегі далада шашылған қазақты табиғат та жоқтап, аязы бет қарыды.

Гүлжан ТҰРСЫН

Фото - Аслан ҚАЖЕКЕ

Ақсу ауданы

Алматы облысы