Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

МЕКТЕП АШЫП, МЕШІТ САЛҒАН ЖАҢАБАЙ ҚҰДАЙБЕРГЕНҰЛЫ ЖАЙЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?

Уақыты: 22.11.2021
Оқылды: 583

Қазақта мыңды айдаған бай-бағландар көп болған. Кеңес өкіметінің саясаты соның бәрін байлықты тек ішіп-жеу үшін жинаған тоғышар етіп көрсетті. Бірақ текті ұлттың ұрпағы жеке бастың пайдасынан қашанда ұлт мүддесін жоғары қойған. Бағымызға қарай Тәуелсіздік алып, тарихты қайта сараптадық. Өткенімізге жүрек көзімен үңілдік. Шын болмысымызды іздедік. Сөйтсек, мыңғыртып мал жинағандар қарынның қамынан гөрі ұрпағының білімді, көзі ашық және бодандықтан ада болуына барын бөліп беріпті.

Дәулеттілер көп жағдайда қарамағындағы халықтың жағдайын жасап, қайырымдылық жағынан бір-бірімен бәсекеге түскен екен. Кең жүректілері зиялы қауымға барынша қамқорлық танытыпты. Ұлттың амандығы мен рухани ісіне демеушілік жасап, жел жағына шығыпты. Алдыңғы қатарлылары «Айқап», «Қазақ» газеттерінің үздіксіз шығуына, басылымның ел арасына кеңінен танылуына, оқырмандарының көп болуына күш салыпты. Басылымдардың жабылып қалмауы үшін қаржылай демеушілік танытқан.

Енді бірі қазақ жастарының шетелдерде білім алуына жәрдемдескен. Алашордашылардың саяси іске араласуына, үлкен мінберлерге көтерілуіне, орыс патшасының алдына барып, елдің жайын айтуына мүмкіндік тудырған. Басына күн түскендеріне бар байлығын беріп, құтқарып алып отырған. Бай-бағландардың көбі қазақ даласынан мектеп ашып, мешіт салдырған. Соның бірі – Жаңабай Құдайбергенұлы.

Ол 1865 жылы Қарадала өңірі, Қырғызсай деген жерде туған. Жаңабай өз заманының беделді, көпшілікке сөзі өтімді, шешен, дүниетанымы кең биі болған. Алаштың атымтайы кішкене кезінен-ақ зеректігімен танылады. Білсем-көрсем, елге пайдамды тигізсем деген ниеті бала кезінен байқалады. Оқу-білімге, әлемнің жақсысын бойына сіңіруге құштар болады. Оны ұлылардан албандар еліне қыдырып барған жыр алыбы Жамбыл байқайды. Ақын елжанды жігітпен Қарқарада кездеседі. Ол кезде Жаңабай бар-жоғы 25 жаста екен.

Жанарында оты бар, қазақтың алдыңғы қатарлы азаматы көреген Жамбылдың назарын бірден өзіне аударады. Жамбылды Қарқараға барған сапарында Жаңабайдың әкесі күтіп алып, құрмет көрсетеді. Албан елі жыр дүлдүлін ерекше құрмет тұтқан. Құдайберген жай адам емес, бір басына бірнеше өнер қонған сегіз қырлы, бір сырлы азамат екен. Дәулеті мен сәулеті жарасқан, даңқына ақылы сай ел еркесі көрінеді. Қос өнерпаз әнші, күйшілерді жинап, елді ән мен жырға бөлейді. Жайлаудағы той әуенмен әрленеді. Құдайберген Ханкелді батырдың әкесіне тарта туған жаратылысы ерекше жан екен. Атты адам түсіп, жаяу адам жатып қарайтын келбетті болыпты. Құдайбергеннің жары суаннан шыққан Әжібек қажының қызы – Балдай. Ол – емші, мықты шипагер, көпшіліктің алғысын алған жан. Осындай қос тектіден туған Жаңабай оңай болсын ба?! Жамбыл Жаңабайдың зеректігіне тәнті болады. Елдің жоғын жоқтайтын азаматтың болашағын болжайды. «Ақынға қара сөзден өлең оңай» демекші, жас жігітке деген ыстық ықыласын өлеңмен жеткізеді. Өлеңді тарихшы, журналист Құрман Қожа-Ахмет Алғазыұлы Шарғын ақыннан жазып алған екен. Онда:

Жаңабай жас арыстан, өзі шешен,
Орыс, қытай, ұйғырдың тілін білген.
Қашқар, Моңғол, Қытай мен Ресейдің,
Иран, Ирак, Түріктің жерін көрген.
Аралап алатаулық қырғыз елін,
Өзбек, Түрікменнің көрген жерін.
Сібір, Алтай, Атырау, Кавказ, Қырым,
Қазақтың аралаған тау, тас, төрін.
Естідім Жаңабайдың жүрген жолын,
Жаңабай жігіт екен асқан дарын.
Байқайтын алды-артын, оң мен солын,
Қазақтың маңдайына туған бала,
Жаңабай қалар мәңгі ел есінде.

Бұл өлең көптің аузында таралып, Жаңабайдың ақылға кеніштігі, абыройы алты Алашқа танылады.

Жаңабай жігіт шағында Әжібек нағашысының тәрбиесін көп көреді. Атасы медреседен дәріс алғызып, немересінің болашағының жарқын болуын ойлайды. Нағашы атасының ықпалымен Қашқар, Моңғол, Қытай, Сібір, Ресей, Орта Азия, Қырым, Кавказ, Ауған, Иран, Ирак, Түрік жерлерін аралаған. Жастайынан талаптанып, ел-жер көріп, бойына бар жақсы қасиетті жинайды. Көре-көре көсем болуға ұмтылады. Өркениетке ұмтылған елдерді көріп, көкірегі ояу, көзі ашық қазақтың санын көбейтсем деген ой түйеді. Оқу-білім бар жұрттар тастан сарай салдыратынын бағамдайды. Жаңабай Құдайбергенұлы араб, орыс, қытай, моңғол тілдерін меңгерген. Ол саяхатшы ғалым, саясатшы болған. Қазақтың тарихын зерттеумен айналысқан. Сирек кездесетін кітаптарды сатып алып, оқып, зерделеген. Жиған-тергенін ел игілігіне жұмсап, Тоғызбұлақтан қазақ-орыс мектебін ашқан. Онда балалардың білім нәрімен сусындауына жағдай жасаған.

«Алаш атымтайлары» айдарымен жазылатын мақала жайлы іздену барысында Жаңабай бидің ұрпағы Ербол Әбдірешовпен сөйлесудің сәті түсті. Ол атасы Жаңабайдың қазақтың ұлылары Абай Құнанбаев пен Ыбырай Алтынсаринді іздеп барып, бала оқыту мәселесін ақылдасқанын айтты. Қазақ балаларын орыс, араб тілдерінде оқытуға күш салғанын нақты деректермен айтып берді.

Ербол Сәулеұлы ата-бабасы жайлы: «Әжібек бабамыз 1885 жылы қажылыққа барып келіп, 1886 жылы мешіт салу туралы ойын көпке білдірген. Сол кезде Жаңабайдың үйіне қыдырып келіп, мектеп пен үйдің құрылыс жоспарын жасап жатқан қытай сәулетшісі Хон Пикке Жаркент мешітінің архитектуралық жоспарын жасатады. Уәлибай Ахунов мешіттің рұқсат қағаздарын дайындайды. Құрылыс жұмысы үшін Қалжат жақтан шыршалар дайындалған. Ағашты Темірбек, Саламат, Мейірмандар жинап, Уәлибайдың паромына тиеп жіберіп отырған. Жерді тегістеумен Мұқа болыстың адамдары айналысқан. Мешіттің құрылысына Жаңабайдың досы Саламат Акрамұлы араласып, Самарқаннан шеберлер жалдап, алып келген. Көптің тілеуі және атсалысуымен 1892 жылы мешіт салынып, қытай сәулетшісі Хон Пик мол олжамен еліне қайтқан. 

Жаңабай Батыс Сібір генерал-губернаторына барып жүріп рұқсат алып, 1897 жылы 47 бөлмелі қазақ-орыс мектебін ашқан. Ол 1913 жылы Романовтардың 300 жылдық тойына Уәлибай Ахуновпен бірге барып, сол жерде Әлихан Бөкейхановпен танысады. Алашордашылармен араласу барысында саяси көзқарасы қалыптасады. Ел мүддесіне бұрынғыдан да алаңдап, «Айқын», «Қазақ» газеттерін үзбей алып оқып, пікірін пісіре түседі. Кейіннен ұлт-азаттық көтерілісіне дайындалып, інісі Темірбек Құдайбергенұлы мен үлкен ұлы Саламатты қару-жарақ әкелуге Қытайға жібереді. Бірақ, көтеріліс жеңіліспен аяқталып, өзі істі болады. Ақыры орыс жендеттерінің қолынан қаза табады. Салған мектебін кейіннен Кеңес өкіметінің кеңсесіне айналдырады. Бертінде, яғни, 1990 жылдары тарихи жәдігерді жергілікті басшылар түк қалдырмай талқандап, құлатып тастады» деп солақай саясаттың салдарын өкінішпен еске алды. Бірақ Алаш атымтайларының ұлт үшін жасаған жақсылығы, игілікті ісі ұмытылмақ емес. Оны осылайша жазып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырып, қағаз бетінде қалдырып, ұлықтап отырамыз дегім келеді.

Бүгінде Шонжыдағы қазақ орта мектебіне және сол жердегі бір көшеге Жаңабай Құдайбергенұлының есімі беріліп, ескерткіш орнатылған. Қарқарада «Ереуілтөбе» деген қасиетті төбеде ұлт-азаттық көтерілісінің бір топ басшысына ескерткіш орнатылған. Сол ескерткішке Жаңабай Құдайбергенов есімі алтын әріппен ойылып жазылған. Алаштың атымтайы халқына адал қызмет еткені ел есінде мәңгі сақталатынының дәлеліндей санада жаңғырады. Қиын-қыстау кезде қараңғы қазақтың көгіне өрмелеп шығып күн болған үлкен жүректілігі мен елжандылығына тәнті боласың.

Гүлжан ТҰРСЫН

Алматы облысы