Даласында түрме, есігінде құлып болмаған

Уақыты: 05.10.2017
Оқылды: 1465
Бөлім: ТҮПСАНА

Дәл осынау Ұлы Дала деп аталатын ұлан-ғайыр мекенге иелік еткен данышпан бабаларымыздың қанына сіңіп, қасиетіне айналған АМАНАТ атты ғаламат ұғым бар. Содан болар, сөз қадірін өз қадірінен биік қойған халқымыз «Аманатқа қиянат жасама» деген аталы ойды қалдырғаны. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында сол бабалар аманатының жүгі жатқаны ақиқат. Ендеше қиянат жасамай оны орындап, кейінгі ұрпаққа жеткізу бүгінгі буынның перзенттік парызы. Осы парызды орындау мақсатында облыстық дін істері басқармасының ұйымдастыруымен «Рухани керуен» елді мекенді аралап, бағдарламаны саралап, халыққа жеткізу мақсатында арнайы іссапарды бастап кеткен болатын. Осы жобамен шығысты бетке алып жолға шықтық.

АҚСУ АУДАНЫ. Әлқисса, алғашқы ат басын бұрып, табан тигізген жеріміз қазақ поэзиясында Құлагер ақын атанып, туған жерін «Ағынды менің Ақсуым, арқырап әлі ағарсың» деп жыр арқауына айналдырған Ілияс туған өңір Ақсу ауданының орталығы Жансүгіров кенті болды. Сәрсенбі күнгі сапарымыздың басын өткенге құрмет ретінде орталықтағы Ілияс Жансүгіровтің ескерткішіне гүл шоғын қоюдан бастадық. Аудан әкімі Әділбек Далбағаев бастаған, құрамында ақсақалдар мен әкімшілік қызметкерлері, ардагерлер мен ұстаздар қауымы, әртүрлі сала басшылары мен «Рухани керуеннің» жол басшысы, облыстық дін істері басқармасының бастығы Рахмет Есдәулетов пен керуен мүшелерінің Алаштың аймаңдай перзенті Ілияс ақынға көрсеткен құрметінен кейін Молықбай атындағы аудандық Мәдениет үйінде салтанатты жиын басталды. Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында басталған игі шараны аудан әкімі Әділбек Егеубекұлы жүргізіп отырды. Алғашқы сөзді алған Рахмет Разбекұлы Елбасы ұсынған бағдарламалық мақаланы насихаттау мақсатында дін істері басқармасының атқарып жатқан жұмысымен таныстыра келіп, бүгінгі таңда елді алаңдатып, ағайынды алатайдай бүлдіріп жатқан, дін атын жамылып, арандатушылықпен айналысып жүрген ағымдар жайлы жүргізген зерттеу жұмыстарына тоқталып өтті. Негізгі мақсат – бағдарламада айтылған ұлттық құндылықтардың қайнар бұлағы тарихымыз бен мәдениетімізді, салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымызды, күретамырымызға айналған тіліміз бен туған жерін түлетіп жүрген азаматтарды насихаттау. Дегенмен де дін басқармасының ұйымдастыруымен өтіп жатқандықтан қоғамдағы діни ахуалдан айналып өтпесіміз де анық еді. Басқарма басшысының баяндамасынан кейін сөз алған «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Сарыбаев та тамыры терең тарихымыздан тартып, бабалар жүріп өткен сара жолды саралап өтіп, өркениетке өрлеп келе жатқан еліміздің кешегісі мен бүгіні жайлы тағылымды ойын ортаға салды. «Рухани керуен» тобының мүшесі, Талғар ауданының Құрметті азаматы, ақын, сазгер Камнұр Тәлімұлы әуелгі сөзін амандасудан бастап, бірден ұлт перзенті, қазақтың мақтанышы Ілияс ақынның өлеңдерін бірінен кейін бірін оқып, зал тола халықты бір серпілтіп тастады. 
Әсіресе, «Галстуктың қазақшасын білесіздер ме?» деп сұрақ қойып, артынша: «Оның қазақшасын осы топырақтың төл перзенті Ілияс ақын әдемі аударып кеткен», – дей келе:
Пионер болып жазылдым,
Мойнымда қызыл мойынтақ.
Бізде жиын, жиналыс,
Жақында ойын қойылмақ, – деген өлеңін оқып, галстуктің аудармасын осыдан жүз жылдай бұрын Ілияс атамыздың «Баласынан анасына хат» атты өлеңінде аударылып қойғанын айтқанда жиында отырғандар дүркірете қол соғып, қошемет көрсетті. Ақын немесе әдебиетші болмаса, былайғы жұрттың есінде көп сақтала бермейтін Ілекең өлеңдерін мысалға келтірген Камнұр Тәлімұлы рухани жаңғыру дегеніміздің өзі бабаларымыз бен Алаш арыстарының аманатын ұрпаққа қиянат жасамай жеткізу екенін қадап айтты. Келесі мінберге көтерілген облыстық «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары Жұматай Әміреев те бабадан қалған аталы сөздерді бүгінгі күнмен астастыра сөйлеп, жалындата өлең оқып, қазақтың тұңғыш Ата Заңын жазған Барлыбек Сырттанов туған, Жетісу күй өнерінің атасы Молықбай мен арынды ақын Ілиястың кіндік қаны тамған өлкенің өркендей беруіне тілегін білдірді. Шара соңында облыстық Сүйінбай атындағы филармонияның әншілері ҚР Мәдениет қайраткері Абылай Қармысов, Құралай Шаяхметова мен Алматыдан арнайы келген жыршы-термеші Әбіш Әділбеков ән-жырдан шашу шашты. Мұнда аудан өнерпаздары да үлес қосып, рухани басқосуды мерекелік көңіл күйге ұластырып жіберді. Жиыннан осылайша серпіліп шыққан керуен мүшелері ендігі кезекте бірнеше топқа бөлініп, кесте бойынша жоспарланған жұмыстарына кірісіп кетті. Бір қуантарлығы, аудан орталығында деструктивті діни ағымдарға ілесіп, тіркеуге алынған бір адам болмады. Әлеуметтік, денсаулық сала мамандары тұрғылықты жұртпен кездесіп, сан сауалдарына жауап берсе, бір тобы аудан ақсақалдарымен кездесіп, «дария кеуде, тау мүсін» қарттармен емен-жарқын әңгіме өрбітті. Енді бір тобы жастармен жүздесіп, дін мен дәстүр негізінде қойылған сұрақтарға жас теолог Тимур Нүсіпхан егжей-тегжейлі жауап берді. Сапардың қорытындысы бойынша орталық стадионда шағын футболдан жарыс ұйымдастырылып, салауатты өмір салтын насихаттауды да ұмытпады. 
САРҚАН АУДАНЫ. Керуен дегенде көшпелі жұрттың өмірі көз алдымызға келетіні ақиқат. Сол бабалар көшіндей болған керуенмен саялы Сарқанға да жеттік. Әдеттегідей бұл жерде де ескерткішке гүл шоғын қоюдан басталды. Ол қазақтың тұңғыш инженер-ғалымы, Алаш арыстарының алтын діңгегінің бірі Мұхаметжан Тынышпаев атамызға қойылған орталық алаңдағы ескерткіш еді. Аудан әкімі Ерғазы Қошанбеков ескерткіш басында ұлтым деп өткен ұл жайлы аз-кем әңгіме өрбіткеннен кейін аудандық әкімшіліктің мәжіліс залында келелі әңгімені жалғастырдық. «Рухани керуен» тобының қадамына сәттілік тілеген Ерғазы Қошанбекұлы Елбасының бағдарламалық мақаласы жайлы ауданда атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтіп, керуен жетекшісі, облыстық дін істері басқармасының басшысы Рахмет Есдәулетовке сөз кезегін ұсынды. Рахмет Есдәулетұлы кемел ел болу жолында атқарылып жатқан келелі істерге тоқталып, дін саласындағы көлеңкелі тұстар мен келеңсіз оқиғалардан сақтандырды. Сол кездесу Серікхан қажы Рымханұлының ҚМДБ-ның Талдықорған өңірі бойынша өкілі ретіндегі жұмысының соңғы күні болды. 
Ата-бабамыздан жалғасып келе жатқан асыл дініміздің құндылықтары мен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадистерін салт-дәстүрімізбен ұштастыра сөз еткен имам ертесі күні Талдықорғандағы қызметінен Алматы шаһарына ауысып кетті. Қайда жүрсе де абыройлы болуына тілектеспіз. Ақын Камнұр Тәлімұлы бұл жерде де көсілді, шабыттанып есілді, ағынан жарылып, шешілді. Әсерлі әңгімеге әкімшілік ғимаратында отырған барша жұрт дүркірете қол соқты. Әкімдіктегі басқосудан кейін бір топ орталық базарға барып, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, діни ағымдардан сақтандыратын кітапшалар таратып, қаймағы бұзылмаған, айрандай ұйытатын ата дініміздің қадір-қасиеті жайлы ақпарат берсе, келесі топ колледжде студент жастармен кездесті. Әсіресе, жоғарыда аталған керуенмен бірге келе жатқан әншілердің базардың қақ ортасын сахна жасап, көрсеткен өнеріне бұқара халық тәнті болып, күйбең тірліктің илеуінде жүргенде арнайы келіп, көңіл көкжиектерін кеңіткеніне алғыс жауғызды. Ардагерлер- мен басқосу да өзінше әсерлі болды. Ақсақалдар атамыздан мұра болып келе жатқан өнерге сусындап қалған екен. Ән тыңдап әсерленіп, терме тыңдап терең ойға шомып шықты. Бұл кезде ауданда жаңадан ашылған мешітте дін істері басқармасының басшысы аудан имамдарымен кездесу өткізді. Соңы аудандық спорт кешенінде шағын футболдан бірнеше команда арасындағы жарысқа  ұласты.
АЛАКӨЛ АУДАНЫ. Бағыт айқын, мақсат ортақ. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл». Бірлігімен тірлігін жарастырған елдің ұрпақтары керуен басын айдынды Алакөл ауданына бұрды. Жол қиындығы бар демесеңіз, Алакөл де қарқынды дамып келе жатқан өңірдің бірі. Дәстүрді бұзбай ескерткішке гүл шоғын қоюдан басталды мұнда да. Әуелі Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне арналған ескерткішке, одан кейін Кеңестік кезеңде ұлт көсемі болған, соңғы демі осы аймақта шығып, мәңгілік мекеніне осы ауданнан жол тартқан Дінмұхамед Қонаев атамыздың ескерткішіне гүл шоғын қойып, Алласына сыйынған ел, аруағына құрмет көрсетті. Аудан әкімі Әлібек Жақанбаев топ басшыларымен кездесу өткізді. Ауданның тыныс-тіршілігі мен даму жолындағы атқарылып жатқан жұмыстарынан да хабардар етті. Аудан жұртын серпілткен жағымды жаңалықтың бірі жаңа ашылған әуежай болды. Демалыс кезінде ғана емес, қазірдің өзінде әуе қатынасы қалыпты жағдайда, тіпті, ерте алмаса билетке де жете алмай қалып жатқан жайт бар екен. Шекара шебіндегі өңірдің берік, іргеміздің мықты болуы керек-ақ. Атқарылып жатқан әрбір іске сүйініп қайттық. Ал аудан әкімдігінің мәжіліс залындағы басқосуды аудан әкімінің орынбасары Алмас Абдинов жүргізіп отырды. 
Облыстық дін істері басқармасының басшысы Рахмет Есдәулетовтен кейін сөз алған  Кәмнұр Тәлімұлы қос тілде құлашын қатар сермеген Әнуар Әлімжановтың еліне, сыршыл ақын Сәкен Иманасовтың туған жеріне, бұлбұлкөмей әнші Зейнеп Қойшыбаеваның туған топырағына сәлем беріп, әсерлі әңгіменің тиегін ағытты. Жыршы-термеші Әбіш Әділбеков асыл мұра төңірегінде ой өрбітті. Әнші Абылай Қармысов рухани жаңғырудың бір тармағы дәстүрлі әнді насихаттау екеніне тоқталды. Жұматай Әміреев сол жерде суырып салып, жыр шумақтарын арнады. Одан әрі ақпараттық насихат тобымен өткен жиында теолог-дінтанушы Тимур Нүсіпханұлы көптеген сұрақтарға жауап берді. Ағымдардың аражігін ажыратып, дін саласындағы құндылықтар мен теріс ағымдарды айшықтап атап өтті. Аудандық ардагерлер алқасымен өткен кездесу де өзінше әсерлі болды. 
Үш күнге созылған «Рухани керуен» тобы негізгі мақсаттарын орындады. Елбасының ұлт болашағы үшін жасалған мақаласындағы нақты тапсырмалардың іске асуына себепкер болды. Даласында түрме, есігінде құлып болмаған елден тыныштық кетпесін. Сапарымыз мұнымен аяқталмайды. Алдымызда әлі он аудан, үш қала бар. Ісіміз берекелі болғай!

Ай-ЗЕРЕ.