ҰЛЫ ДАЛА ЖОРЫҒЫ: ЖЕТІСУЛЫҚ КОМАНДА КҮМІСПЕН КҮПТЕЛДІ! 12 МИЛЛИОН ТЕҢГЕ!

Уақыты: 04.10.2022
Оқылды: 1907
Бөлім: ТҮПСАНА

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, «AMANAT» партиясы, Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы және «Ұлы Дала туры» қоғамдық қорының мұрындық болуымен «Ұлы Дала жорығы» атты республикалық марафон-бәйге өтті. Марафоншылар Астанадан Түркістанға дейін 1200 шақырымды еңсерді.

Елімізде тұңғыш рет өткізілген дүбірлі додада Жетісу облысының командасы күміспен күптеліп, 12 миллион теңге ақшалай сыйлықпен марапатталды. Осыған орай Көксу ауданы, Мұқаншы ауылдық округіне қарасты Көксу ауылында «Ұлы Дала жорығы» атты тұңғыш республикалық марафон-байқау жеңімпаздарының салтанатты жиыны өтті. 

Шарада Мұқаншы ауылдық округінің әкімі Бақытжан Өміралинов сөз алып, Көксу өңірінің шабандоздарынан құралған Жетісу облысының құрама командасы ұлттық мәдениетті, тарихты, салт-дәстүрді, ұлттық ат спортын насихаттауға үлкен үлес қосқанын айтып, алдағы жарыстарына сәттілік тіледі. 

Осыдан кейін  Мұқаншы ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Арынғазы Шаймерденов құттықтау сөзінде Көксу ауданының әкімі Марлен Көлбаевтың бастамасымен аға буын өкілдерінен құралған жанкүйерлер делегациясының Түркістан қаласына барғанын айтып, облыстық «Бәйге» ұлттық ат спорты федерациясының президенті Рүстем Досжановтың иығына шапан жапты. Ал «Маржан», «Кең дала» шаруа қожалықтары облыстық «Бәйге» ұлттық ат спорты федерациясының президентіне екі жылқы сыйлады. Ауыл тұрғындары команда капитаны Айдархан Шәріпов бастаған жігіттерге ат мінгізді. 

Жиын барысында Рүстем Досжанов Мұқаншы ауылдық округінің барша тұрғындарына осындай жылы жүздесу үшін алғысын білдіріп, «Ұлы Дала жорығы» жобасының маңыздылығын атап өтті.

Айару НАЗАР

Жетісу облысы