ҚАРАСАЙ АУДАНЫНДА ЕҢ ҮЗДІК КЕЛІН АНЫҚТАЛДЫ - ДӘСТҮРЛІ ЖАРЫС

Уақыты: 18.11.2022
Оқылды: 1595
Бөлім: ТҮПСАНА

Береке ауылдық Мәдениет үйінде «Ата-баба дәстүрі – ұрпаққа аманат» бағдарламасы және «Шаңырақ – Мәңгілік Ел тұғыры» акциясы аясында «Пай-пай, қазақтың келіндері-ай!» атты сайыс өтті. Оған округтегі 7 ауылдың келіндері қатысты.

Шараның басында ауыл ақсақалы Жаңабай Құлшиев дәстүр бойынша жарысқа қатысушыларға батасын бергеннен кейін ауылдық әжелер алқасының төрайымы Салиха Тойымбетова ізгі тілегін жолдады. Халқымыздың тарихы мен мәдениетін құрметтеу, ата бабамыздан мұра болып қалған әдет-ғұрып пен салт-дәстүрді кеңінен насихаттау, қазақ келініне тән инабаттылық, ізеттілік қасиеттерін дәріптеу мақсатында ұйымдастырылған байқауға «Анаға құрмет» музейінің директоры, «Көшпенділер» фестивалінде «Номадтың ең әдемі әйелі» марапатын иеленген Аршагүл Серікқызы, Іргелі ауылдық округі әжелер алқасының төрайымы Раиса Сығаева, Шамалған ауылы әжелер алқасының төрайымы Гүлнар Жакеева, зейнеткер-ұстаз Гүлжан Іңірбайқызы қазылық жасады.

Байқауға қатысқан келіндер «Әдепті келін – ауылдың көркі», «Ананың әлдиі әлемді тербейді», «Талаптыға нұр жауар»; «Ата салтым ­– ардағым» және «Бармағынан бал тамған» аталымдары бойынша өнерлерін ортаға салған.

«Әдепті келін – ауылдың көркі» атты бөлімде қатысушылар өздерін таныстырды. Ал «Ананың әлдиі ­әлемді тербейді» номинациясында үміткерлер бесік жырын айтудан бақ сынасты. «Талаптыға нұр жауар» кезеңінде келіндер халқымыздың салт-дәстүрлері жайындағы сұрақтарға жауап берді. Бұл жерде келіндер үлкенді құрметтеу, қонақ күту, ас мәзірі, отбасылық қатынастар жайында терең білетінін көрсетті. Ал, «Ата салтым ­– ардағым» деп аталатын  жарыста ұмыт бола бастаған дәстүрлер қайта жаңғырып, «жылу жинау», «қымызмұрындық», «тілашар», «шарғы», «ерулік» сияқты игілікті істер сахнада көрініс тапты. Соңынан келіндер қамыр жайып, «Бармағынан бал тамған»  жарысы бойынша  шеберлігін сынады.

Жеңімпаздар арнайы дипломдармен және Елтай ауылдық округінің әкімі М.Махатовтың демеушілігімен әзірленген бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ

Қарасай ауданы,

Алматы облысы