ҚАЗАҚТЫҢ ДӘСТҮРІ МЕН ЫРЫМ-ТЫЙЫМЫНА НЕГЕ ҮРКЕ ҚАРАЙМЫЗ? ҒАЛЫМ ПІКІРІ

Уақыты: 23.11.2022
Оқылды: 1799
Бөлім: ТҮПСАНА

Өнерін сыйлаған жұрт өрге шығады,

Дәстүрін сыйлаған жұрт төрге шығады.

Шығыс мақалы

Бала кезімізде үлкендер тағылымды әңгіме айтатын болса, «баяғыда» деп бастайтын. Ертегілер, батырлар жыры, аңыз-әңгілер де баяғыда болған. Бәріміз есіміз кетіп тыңдап өскен «Қыз Жібек» дастанының өзінде «Баяғы әз-Тәукенің заманында, Қазақтың басы бүтін аманында» дейтін жолдар бар. Бұлардың бәрі неге бұрынғыны айтуға құмар деп ойлайтынмын. Сөйтсем оның сыры тереңде екен, соны енді түсініп жатқан сияқтымын. Бүгінгі жаһандану заманында «баяғыда» десең, үрпиіп, үрке қарайтындар көп. Қазақтың дәстүрі, әдет-ғұрпы туралы әңгіме қозғалса, құдды бір XVI-XVII ғасырға жетектеп апарып тастайтындай шошиды. Әлде солай шошитындай етіп айтып жүрміз бе екен?!

Шығыс халықтары батыс жұртындай емес, салт-дәстүрді берік ұстанатындығымен ерекше. «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар», «заманына қарай адамы» дейтін қазақ күні кешеге дейін ата-баба дәстүрінің өміршең тұстарын заманына қарай ыңғайлап, берік ұстанғанын жақсы білеміз. Содан қазақ жаман болды ма? Жоқ!

Баяғы қазақ қоғамы өз уақытында мінсіз қоғам орната алды. Ауылды абыз ақсақал билеп, оған ешкім қарсы келмейтін, өз кезегінде ақсақалдар да жеке мүддесін емес, елдің жайын ойлайтын. Ешбір қыз отырып қалмайды, үйленбеген жігіт болмады. Жетім, жесір деген ұғым атымен жоқ. Үйсіз-күйсіз, жұмыссыз жүру дегенді білген емес. Оның сыры қазақтың мұсылмандық, оның ішінде сопылық жолды ұстанғаны деп түсінуге болатын сияқты. Өйткені, алдыңғы орында тұратын ата-баба дәстүрінен ешкім аттамайтын. Тал бесіктен жер бесікке дейінгі тіршілігіңе не керек, бәрі ұрпақ санасына алдымен сіңірілетін. Оны үйрету үшін даңғарадай ғып ғимарат салудың аса қажеттілігі жоқ еді. Ұлттық дүниетаным балаға ата-әжесінің, әке-шешесінің тәлім-тәрбиесімен беріліп жататын.

Орта Азияны зерттеуге келген саяхатшы, географ Петр Семенов Тян-Шанский қазақтар туралы: «Бұларды оқытудың қажеті жоқ. Салт-дәстүрлері түгел тұнып тұрған білім!» – депті. Демек, қазақтың әрбір үйі – мектеп, әр ата-ана – білікті ұстаздық атқарған. Баласына керек нәрсені қасына ерте жүріп, жан-тәнімен ұқтырды. Көшпендіге не керек?! Отбасылық құндылықтар, ата-тегі, үлкенге құрмет, кішіге ізет, обал-сауап, ұят керек.

Әл-Фараби айтқан «балаға алдымен берілуге тиіс тәрбие» осы емес пе?! Оң-солын тани бастағаннан күнделікті тұрмыста ұстанатын ғұрыптар, табиғаттың тылсым сырлары, малдың жайы, шұрайлы жайылым секілді керекті кәсіпті үйретеді. Қазақтың «он үште отау иесі» дегеніне қарап, осының бәрін балаға он үш жасқа дейін үйретіп тастайтынын шамалау қиын емес. Сонда бала өз бетімен өмір сүруге дайын болмай ма?! Әлі күнге: «Сонда он үшінде үйлендірген бе?» - деп бас қатырамыз.

Бүгінгі күні ЭЫДҰ өткізетін PISA халықаралық зерттеуі көтеретін мәселе де осы. Осы бағытта балалардың білімін көтереміз, ол үшін «функционалдық сауаттылықты» қалыптастыруымыз керек дедік, тұлғаның коммуникативтік құзіреттілігін дамытамыз дедік. 4К моделі дедік, баланың эмоционалды интеллектін дамыту дедік. Осының бәрі баланы өмірге дайындау екенін біліп тұрсақ та, тотықұстай түрлендіріп, мұғалімнің миын ашытып қойдық. Неге осыны «баланы өмір сүруге дайындау» деп қазақы ұғымға келтіріп айтпаймыз?

Әлбетте, бұл мәселелердің бір-бірінен аз да болса айырмасы бар екенін білеміз, түсінеміз. Бірақ түп-төркіні он бестен асқан баланың өз бетінше өмір сүруі дегенге келіп саяды. Біздің бабаларымыз оны жарияға жар салмай-ақ күнделікті тұрмыс тіршілігіне енгізіп жіберген. Әрине, замана көшінен қалмау үшін шетелдік тәжірибенің озық үлгілерін ұлттық ұстанымымызға ыңғайлап пайдалануымыз керек. Бірақ бірінші орында ұлттың тәрбие жүйесінде баяғыдан қалыптасқан дәстүр тұруы керек емес пе?! Аталарымыз ешқандай тұжырымдамасыз, бағдарламасыз-ақ ұрпағына өмір сүрудің қыр-сырын үйретіп баққан.

Біздің қоғам ұстаздардың алдына іс-әрекетін тиімді жоспарлай алатын, алға қойған мақсатына жету үшін әртүрлі адамдармен жағымды қарым-қатынас жасайтын, кез-келген ортада өзінің ой-пікірін еркін айтып, сол пікірін қорғауға ерік-жігері мен білімі жететін жан-жақты тұлға тәрбелеу мәселесін қойып отыр. Сапалы білім алған, таным-түсінігі жоғары, жан-жақты құзыретті, бәсекелестіктің қандай түріне де төтеп беретін оқушы ғана болашақтың тұтқасын ұстайды. Тек олардың бойында қазақ халқының ұлттық құндылықтары мен рухани байлығы қайнап жатуы тиіс. Әлемдік мәселелердің шырмауында жүріп, ұрпағымызды «тамырсыздық індетіне» ұрындырып алмауымыз керек. Қазақтың ғаламдық өркениетте даралануы ұлттық құндылықты бойына сіңірген білімді, жігерлі, рухани бай ұрпақ арқылы іске асатынын ұмытпағанымыз жөн.

Ендеше «үлкенге ізетті, кішіге қамқор» бола алатын, жалпыадамзаттық құндылықтарды бойына сіңірген тұлға тәрбиелеудің жолын табуға тырысқанымыз абзал. Білім беру мен тәрбиелеуде  әр  халықтың, әр  ұлттың санасындағы ғасырлар бойы қалыптасқан өзіндік болмыс-бітімі мен ерекшеліктерін, өзіндік құндылықтар жүйесін ұғыну басты мәселе.

Бұл орайда қазақ халқының ұлттық дүниетанымы, әлемдік өркениеттегі орнын айқындайтын рухани құндылықтары дәріптеліп, бүгінгі ұрпаққа жетуі тиіс. Педагогика ғылымдарының докторы Клара Жантөреқызы Қожахметова «Этнопедагогика» еңбегінде: «ХХ ғасырдың басындағы ағартушылар өз халқының болашағы туралы ойлай отырып, мектеп бағытын, ана тілінің тазалығын, білім берудің мазмұнын, халықтың ұлттық мәнімен, оның ұлттық рухымен бірлікте болуының қажеттілігін насихаттағанын дәлелдейді», – дей келе Міржақып Дулатовтың, Жүсіпбек Аймауытовтың, Ахмет Байтұрсыновтың ой-пікірін мысалға алады. Бізде білім беру ұйымдарында тәрбие мәдениетін қалыптастыруда осы ұстанымнан ажырамағанымыз дұрыс.

Жасыратын несі бар, дәстүр десе көз алдымызға «құда түсу, ұрын келу, жар-жар, сыңсу, шілдехана, бесікке салу, тәй-тәй басқанда тұсау кесу, оң-солын танығанда сүндетке отырғызу» келеді. Бізде осылардан басқа салт жоқтай көрінеді. Халықтың тұрмыс-тіршілігіне лайықталған мұндай қағидалар мен ережелер, әдет-ғұрыптар өз алдына бөлек. Ал тәрбие мәселесіндегі баяғыдан қалыптасқан дәстүрлер, нормалар, ырым-тыйымдар тәрбиешілердің назарынан тыс қалып жүр. Оқта-текте көнекөз қариялар, кейуаналардан естіп қалатынымыз болмаса, педагогтер қолдана қоймайды. Әлемдік өркениетте өз орны, өз ұстанымы бар мемлекетке айналамыз десек, елге, жерге жаны ашитын ұрпақ тәрбиелегіміз келсе, осы қағидаларға оралуымыз керек.

Қазақта «Ата көрген – оқ жонар, ана көрген – тон пішер», «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» дегендей керемет сөздер бар. Осыған қарап ата-бабаларымыздың тәрбие берушіге зор жауапкершілік артатынын байқаймыз, яғни, ата-ана мен мұғалім қандай болса, бала да сондай. Балабақшада дұрыс тәрбие беріп, жамандықтан жирендіріп, жақсылыққа ұмтылдыратын тәрбиеші болса, мектепте - мұғалім. Сол себепті мұғалім тәрбие мәдениетін қалыптастыруда ертеден жібі үзілмей келе жатқан дәстүрлер, нормалар, ырым-тыйымдарды жақсы білуі тиіс және орнымен қолдануы керек.

Қазақ ырым етеді, бұл жақсы ниеттен туған ғұрып. Балаларына елге белгілі, танымал адамдардың атын қояды немесе сондай адамдарға атын қойғызып, тұсауын кестіріп жатады. Солардай болсын деген ниет. Қазіргі таңда психологтар түрлі тренингтер өткізіп, «жақсы нәрсе ойлап, жақсылыққа ұмтылу керек, не ойласақ, сол жүзеге асады» деп, елді «таңғалдырып» жатыр. Соның бәрі айналып келгенде осы ырым емес пе?! Ырымның бәрі орындалады деу қате, ол халықтың сенімі, аппақ ниеті, келешектен жақсылық күтуі. Орындалса құба-құп, болмай жатса түсіністікпен қараған жөн. Сондықтан ырымға қырын қарамағанымыз абзал.

Үйге кірген жыланның басына ақ құйып шығаратын ырым бар. Яғни, дос емес дұшпаныңның өзін құр ауыз шығарма деген сөз. Алаштың ардақтысы Әлихан Бөкейханның өзін ұстауға ОГПУ-дың адамдары келгенде: «Қызым, үйге қонақтар келді, мәдениетті адамдар дәстүр аттамайды, шай қойып жібер», – деген керемет сөзі бар. Демек, үйге келген адамға дастарқан жаю мәдениеттіліктің белгісі. Мәдениеттімін деген адам міндетті түрде дәстүр ұстануы керек. Осыны алдымыздағы баланы былай қойып, өзіміз терең түсінбей жатамыз. Мәдениетті адамның белгілері қандай дегенде «дәстүр ұстану» деп айта қоюымыз екіталай.

Алыс жолға шыққанда ауылдың ақсақалынан немесе әулеттің үлкенінен бата алатын ырым бар. Бұл да қара шаңыраққа деген құрмет, қара шаңырақтың киесі қолдасын деген ырым. Халық педагогикасында мұндай ырым өте көп. «Ауызға түкірту, босаға майлау, дерт көшіру, мойынға бұршақ салу» деген ырымдарды айтпасақ та, жоғарыда айтқан тағылымды, ғибратты ырымдарды бала бойына сіңіргеніміз абзал.

Қазақ: «Үлкен тұрып кіші сөйлегеннен без» немесе «Отыратын орныңды, сөйлейтін сөзіңді біл» – дейді. Ахмет Йүгінекидің «Әдептің басы – аңлап сөйлеу» дегені бар. Демек, ата-бабаларымыз баланы бетімен жібермеген. Ел болған соң телісі мен тентегі болады. Қазіргі мектепте әдепті, тәртіпті балалармен қатар айтқанды ұқпайтын бұзақы балалар бар.

Міне, соларды дер кезінде тыйып отыру керек. Тек олар ғана емес, өсіп келе жатқан буын мәдениетті, тәрбиелі болсын десек, тыйым сөздердің мағынасын ашып, түсіндіруіміз қажет. Қазақтың салт-дәстүрі, әдеп-ғұрпы, ырым-тыйым сөздерін жинаған ғалым Сейіт Кенжеахметұлы: «Тыйым халықтың тәлім-тәрбие, үлгі-өнеге, ақыл-кеңес берудегі тәрбие құралдарының бірі. Бұл негізінен балаларға арналып, оларға жаман әдет, жат пиғыл, ерсі қимыл, әдепсіз істерден сақтандыруда өте үлкен қызмет атқарады», – дейді. Әдеп әліппесі содан басталады. Ырым-тыйым сөздерді мұғалімдер жаттап, әдептен аттаған балаға айтып, құлағына құйып отырса, несі жаман?! Осыны бір жүйеге келтіріп, тәрбие мәселесінде пайдалану керек сияқты.

Аристотельдің айтуынша әр нәрсенің, әрбір әрекеттің бастауы бар. Мұғалімнің әрекеті тәрбие мен білім беру десек, оның бастауы не болмақ?! Егер біз қазақтың баласын ұлттық рухта тәрбиелеп, заманға лайық білім береміз деген ниетпен әрекет ететін болсақ, оң нәтижеге қол жеткіземіз. Ал ниетіміз жалақы алу, отбасын асырау, жақсы көлік міну, бір сөзбен айтқанда материалдық құндылық болса, одан оң нәтиже күту бекер. Сондықтан мәңгілік елдің іргетасын бүгіннен қалаймыз десек, ниетімізді дұрыстауымыз керек.

Аманғали МҰХТАРОВ,

Адамның үйлесімді дамуы ұлттық институты ғылыми-әдістемелік бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері