ҚАР – АППАҚ, БҮРКІТ – ҚАРА, ТҮЛКІ – ҚЫЗЫЛ: ҚОНАЕВТА ҚҰСБЕГІЛЕР САЙЫСҚА ТҮСТІ

Уақыты: 27.11.2022
Оқылды: 1711
Бөлім: ТҮПСАНА

Қонаев қаласында үш күн қатарынан «Сонар – 2022» республикалық құсбегілер жарысы жалауын желбіретті. Қазақтың аңшылық өнерін дәріптеген дүбірлі дода Мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың 110 жылдығына орай ұйымдастырылды. Турнирге Қазақстаннан бөлек, көршілес Қырғыз Республикасынан, Қытай елінен, сондай-ақ, Түркия мен Моңғолиядан құсбегілер келді.

Шараның ашылу салтанатына Алматы облысы әкімінің міндетін атқарушы Марат Сұлтанғазиев Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының директоры Бақдәулет Сәбитов, "Хабар" медиахолдингінің басқарма төрағасы Берік Уәли, "Қыран федерациясы" қоғамдық қорының президенті Нұрлан Өнербаев, "Қыран федерациясы" қоғамдық қорының атқарушы директоры  Бағдат Мүптекеқызы қатысты.

Додада 19 команда, 100-ге жуық спортшы өнер көрсетті. Аң аулауға 64 бүркіт, 14 қаршыға, 10 шақты ителгі түсті. Ұлттық мұра ұлықталған игі шарада Алматы облысы әкімінің міндетін атқарушы Марат Сұлтанғазиев сөз сөйлеп, көпшілікті аңшылық дәстүрдің жаңғыруымен құттықтады.

- Түркі халықтарының дәстүрін сақтап, жалғастырушы спортшылар, ұлттық ойынды дәріптеуге үлес қосып жүрген қонақтар, сіздерге Қонаев қаласына қош келдіңіздер дейміз. Жаңадан облыс орталығы атанған Қонаев қаласына мән беріп, бүгінгі шараны қолдағандардың бәріне алғыс айтамын. Биыл Түркияда ту тіккен «Көшпенділер ойыны» жарысы енді 2024 жылы Алматы облысында өтпек. Бұл да біз үшін үлкен қуаныш, – деді құттықтау сөзінде Марат Елеусізұлы.

Шарада Алматы облысының спортын дамытуға қосқан үлесі үшін бір топ азаматқа Алғыс хат табыс етілді. Құсбегілер сайысында «Қыран федерациясы» қоғамдық қорының президенті Нұрлан Өнербаев «Хабар» медиахолдингінің басқарма төрағасы Берік Уәлиге арнайы дайындалған садақты сыйға тартты.

- «Сонар» дәстүрлі жарысы 23 жыл бойы Алматы облысы аумағында өткізіліп келеді. Биыл бұл байқау жаңадан орталық болып құрылған Қонаев қаласында өткізілуімен ерекшеленіп отыр. Бұл – құптарлық жайт, – деді Нұрлан Өнербаев.

Құсбегіліктен Алматы облысының аға жаттықтырушысы Елтай Жұмағұлұлы биылғы «Сонардың» ерекшеліктерін түсіндіріп берді. Биылғы жарыста аңға рұқсат етіліп, қыран мен тазылар түлкі алды. Финалға өткен 7 бүркіт "уақытқа тазы алу" ойыны бойынша кім жылдам екенін анықтады. Бұдан бөлек, әр аймақтан жиналған мергендер садақ ату ойынын өткізіп, тазылар аң аулауда өзара жарысқа түсті. Нәтижесінде, түлкіні жылдам алған астаналық Күнтұған Серікбектің бүркіті қара үзіп шықты. Бүркіттің бапкеріне алтын медаль, кубок және 1 миллион теңге ақшалай сертификат табысталды. Бас жүлдеден бөлек, І және ІІ орын иеленген ойыншылар да «Бүркіт», «Қаршыға», «Сұңқар», «Құмай тазы» аталымдары бойынша сыйлықтармен, грамоталармен, ақшалай сертификатпен марапатталды.

"АЛАТАУ-АҚПАРАТ"