КЕГЕН МЕН ШЕҢГЕЛДІДЕ ЖЫР-ТЕРМЕШІЛЕР МЕКТЕБІ ЖҰМЫСЫН БАСТАДЫ

Уақыты: 02.12.2022
Оқылды: 3034
Бөлім: ТҮПСАНА

Кеген ауданынан Бөлтірік Атыханұлы атындағы жыршы, термешілер орталығы ашылды. Сондай-ақ, жуырда Қонаев қаласына қарасты Шеңгелді ауылынан да дәл осындай жыршы-термешілер мектебі құрылған болатын.

Ауыл қуанышына алыстан ат терлетіп келген Бөлтірік ақынның немересі Бақытгүл Қасенбайқызы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Омар Қиқым, кино және театр әртісі, әнші Жоламан Әміров, белгілі жыршы, жыраулар Әбіш Әділбеков, Серік Сүйіндік ортақтасты.

Ұзынбұлақ ауылдық Мәдениет үйінде өрнектелген игі басқосуда қадірменді қонақтарды «Ереуіл» халықтық фольклорлық ансамблі, Кеген өнер мектебінің ұлт аспаптар оркестрі тамаша күйлерімен қарсы алды. Аудандық кітапхана ұжымы өлкетану туралы, өңірден шыққан ақын-жазушылардың шығармашылығына арналған кітап көрмесін ұсынды. Орталықтың, жыршылар мектебінің жұмысын білімді, сауатты музыға маманы, дәстүрлі әнші Нұрым Байбала қолына алды. Жыршылар мектебіне аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Сабыр Досымбеков ақ батасын берді.

Жиында Кеген ауданы әкімінің орынбасары Кеңес Қабылбеков, облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры Ерұлан Жебегенов, жыршы, ҚР Мәдениет қайраткері Әбіш Әділбеков, Бөлтіріктің немересі Бақытгүл ана, әнші, әртіс Жоламан Әміров, қоғам қайраткері Тәңірберген Қасымберкебаев, жыршы, термеші, ақын Серік Әбдірайымов, «Аманат» партиясы Кеген аудандық партиясының атқарушы директоры Алмасбек Нұғыман сөз алып, жылы лебіздерімен бөлісті.

Сөйтіп, қастерлі Кеген топырағында облыс бойынша оныншы жыршы, термешілер орталығы ашылды. Жаңа жылдан бастап бір-бір штат беріліп жатса, үлкен жақсылық болмақ. Ең бастысы, осынау жыршылар мектебі қоңыр домбыраны, жырды қастерлейтін, өнер мен өлеңді биік қоятын дарынды жас ұрпақтың мекеніне айналсын!

***

Шеңгелді ауылындағы Мәдениет үйінде де жыр-термешілер мектебінің ашылуына орай салтанатты жиын өтті.

Іс-шараға Алматы облысы мәдениет басқармасының басшысы Әлия Әлімжанқызы, Қонаев қаласы әкімінің орынбасары Марлан Жолдахмет, Қарасай аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры, ақын Серік Қалиев, ауыл тұрғындары мен Мәдениет үйінің қызметкерлері қатысты.

Бақтыбай Жолбарысұлы атымен аталған жыр-термешілер мектебінің ашылу мақсаты – қазақ халқының мәдениетін дамытып, өскелең ұрпаққа дәріптеу.

«Жетісу өңіріндегі атақты ақындардың бірі Бақтыбай Жолбарысұлы 1842 жылы маусым айында Алматы облысы Текелі ауданында дүниеге келген. Жеті жасында жетім қалып, бірнеше жыл Балқаш, Сексеуіл, Шұрық жақтағы нағашыларының қолында болады. Кейін еліне қайтып келіп, бай ағайындарының малын бағады. Ол ақындығының арқасында жалшылықтан шықты. Әсіресе, атақты Тезек төремен айтысы Бақтыбайдың ақындық даңқын бүкіл Жетісу өңіріне әйгілі етті. Осындай тума талантқа арналған өнер мектебінің ашылуымен барлығыңызды құттықтаймын!» – деді мәдениет басқармасының басшысы құттықтау сөзінде. Содан соң мектептің қызыл лентасы қиылып, шара концерттік бағдарламаға ұласты.

Қанат БІРЖАНСАЛ,

Ақерке ЖҰМАҒАЗЫҚЫЗЫ

Алматы облысы