АҚСУДАҒЫ ӘЙГІЛІ МАМАНИЯ МЕКТЕБІ ЖАЙЛЫ ТЫҢ ДЕРЕК ПАЙДА БОЛДЫ

Уақыты: 02.12.2022
Оқылды: 4552
Бөлім: ТҮПСАНА

Қарағашта Маман-Тұрысбек әулеті салған «Мамания» мектебі жайлы тың дерек табылды. «Ақсудың Алтынсарині» атанған Бұғытай Айсеркеновтің  ұрпақтары ұстаздың күнделігін редакцияға алып келді. Онда «Мамания» мектебі жайлы мол мағлұмат бар екен. Алдымен «Мамания» мектебі жайлы деректерді маржандай етіп күнделігіне жазып отырған Бұғытай Айсеркенов кім дегенге тоқталайық.

Ол кісі Қарағаш ауылында дүниеге келген. 1936 жылдан 1940 жылға дейін Алматы мұғалімдер институтында оқып, математика пәнінің мұғалімі мамандығын меңгеріп шығып, Ақсу аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарады. 1942 жылы Отан соғысына аттанған Бұғытай елге аман-есен оралып, 1948 жылдан Ақсу аудандық білім бөлімінің меңгерушілігіне қайта  тағайындалады. 1961 жылдан Ақсудағы Ыбырай Алтынсарин атындағы мектептің директоры болып, қызмет етеді. Ол кісі соғыста жоғары әскери қолбасшы болған.

Бұл жайында соғыс ардагері, ұстаз Хасен Құдайбергенов: «Польшаның Висла өзенінің бойындағы Познан қаласында бірнеше елді мекенді жаудан азат еткеннен кейін дамылдап жатқанбыз. Жауынгерлер киім ауыстырып,  кезекте тұрған едік. Үлкен ғимаратқа 3 адам кіріп келді.  Үшеуінің де  жоғары әскери қолбасшы екені мундирінен бірден байқалады. Біреуі ұзын бойлы, тіп-тік, ерекше. Бурят па, әлде корей ме, ал екеуі орыс еді. Әлгі бурят деп тұрған кісі бәрімізді жағалай қарап шығып, маған келгенде тоқтап қалды да: "Сен қай жақтансың?" - деп сұрады. Мен Қазақстаннан екенімді айттым. "Сен Құдайбергенов Хасенсің бе?" – деді қазақша. Қуанышымды жеткізе алмаспын. Сөйтсем ол Бұғытай Айсеркенов болып шықты. Мені өзі тұрған үйге алып келді. Соғыс туралы, ел жайлы,  танитын майдангерлер туралы сөйлестік. Кейін білдім, ол кісі сол Познан қаласының коменданты екен», – деп еске алады.

Міне, сол Бұғытай Айсеркеновтің ұрпақтары ағаның сандық түбінде сақтаған жәдігерлерін газетке алып келді.

«Jetisy» газетінің оқырманы едік. Басылымдарыңызда жарық көрген тарихи-танымдық материалдарды үзбей оқимыз. Мына көне жазбаларды атамыз сақтаған еді. Көп жыл кебеженің түбінде ақ шүберекке ораулы жатты. Өзі де  заманының алғыр, зерек, білікті, жүректі, елжанды азаматы еді. Қазақтың сауатын ашуға бір адамдай еңбек етті. Көшеде атамыз келе жатқанда көнекөз қария, ақ жаулықты ана, үлкен-кіші, бала-шаға ол кісінің жолын кеспей, өтіп кеткенше күтіп тұрып, жол беретін. Мейлі арба,  мейлі ат, қандай көлікпен келе жатса да жол беріп, аса құрмет тұтатын.  Әкем үлгі-өнегесін алсын деді ме  сол үйге тұрғызды. Бұл отбасындағы қонақжайлылық, ізеттілік, сыйластық қалың елге үлгі еді. Ақсу ауылында ол кісі  тұрған көшеге Айсеркеновтің аты беріліп еді. Дәл кеше сол көшеге мешіт тұрғызылыпты. Қуанышымда шек жоқ», – дейді  ағаның қамқорлығын көрген қарындасы  Фаруза Шөңкенова.

«Әкем Шөңке Мейренбаев соғыстан екі аяғынан айырылып, зембілмен алып келді. Сонда Бұғытай аға тоңып қалма деп үстіне кигенге киім әкеліп беретін.  «Сен соғыстан жарымжан болып оралдың. Отан қорғау үшін денсаулығыңды бердің. Сені құрметтеу біздің парызымыз», – деп отырады екен үлкен жүректі аға. Бұғытай ұстаздың Маман-Тұрысбек әулетінің іс-шарасын ары қарай жалғастыруын ұлылардың үндестігі десек болар.

Бұл күні редакциямызға Бұғытай ұстаздың қызы Бақыт Айсеркенова да келді. «Бұғытай ағаның күнделігі  тарихты түгендеуге қажет болып қалар» деп сөз бастады егіз қозыдай апалар алақандай блокноты қолыма ұсынып жатып. Ашып қарасам, кішкентай жазумен жазылған дерек пен дәйек тайға таңба басқандай анық жазылған. Шағын ғана күнделікке мұқият жазылған жазбалар шынымен де құнды дүние екен.  

Ендеше күнделіктегі жазуды қаз-қалпында берелік. «Қарағаш мектебі 1909 жылдан бастап салынып, сол жылы біткен. Басқарып, салдыртқан ісмер Абдрахман деген кісі. Ақсу – Сарқаннан 30 шамалы орыс ісмерлері мен 30 қазақ жұмысшысы қатынасқан.  Мектептің жобасын сызған Сырттанов Барлыбек пен Байдрахман Зиһандаров Мектепті салдырғандар Сейітбатқал, Есенқұл, Тәңірберген, Айтмұхамет, Қожахмет, Сейдахмет. Мешіт салуға 16 мың сом жұмсалған. Мектепке бұл сомадан 2 есе артық ақша жұмсалған деп бағалайды. Сонда 30 мың сом болса керек. Сол күнде бір қой 3 сом екен. Сонда 10 мың шамасы қой жұмсалған. Мұғалімдер Байдрахман Зиһандаров, Жақый Айманов, Ахметкерей Ғабитов, Нажар  Абдосов, Нұрмұхамет Ислямов, Құнанбай Басшабаев (орыс тілінен сабақ берген). Уфаға жіберіп оқытып мұғалім етіп шығарған. Кейін Қарағашта мұғалім болғандар: Біләл Сүлеев (дуаннан), Мейірман Ермектасов,  Аубакир Мамбетбаев,  Бейсембай Кәдесов (Смайылов),  Берікбол Қилыбаев,  Мұстахан Малдыбаев пен әнші Майраның да сабақ бергені, Майраның гармонмен өлең айтқаны жайлы да жазыпты. Николай Назаров деген атаманның баласы Сарқаннан келіп, 1911–1915 жылдары орысша оқытқан. Есенгелдинов Мұхаметқали әйелі Фатима екеуі мұғалім болған. Фатима оқытумен қатар 40-50 қызға қол өнерін үйреткен. Бұлар Семейден шақырылған.  Барлық шығынды Мамановтар төлеген. 7-8 мұғалім ұстау үшін бір жылға 400-500 сом ақша төлеп тұрған. Сонда тек, мұғалімдерді ұстауға жылына 4900-5000 сом тұрған немесе 1600-1700 қой. Қарағашта 1918 жылы өлтірілгендер: Бейсембай Кедесов, Омар Кереев, Әріпжан Бегімбаев. Одан ары қарай «Қарағашта 1918 – 1920 жылдары оқу болған жоқ. Оқу 1921 жылы басталды. 1925-1928 жылы коммуна болды. 1928-1936 ШКМ, 1935 жылы  ІХ айда орта мектеп болды. 1937 жылы Ақсуға көшіп келді. Нұрсейіт Жақыпов мұғалім 1930-44,1948-1958 жылдар», – деп жазылған.

Бұғытай Айсеркенов Ақсудағы Ыбырай Алтынсарин мектебінде директорлық қызмет атқарғанда өзі математика пәнінің мұғалімі болса да, «Мамания» мектебі жайлы да арнайы сабақ берген сияқты. Себебі күнделікте «Мамания» мектебі жайлы сабақ  өткізудің жоспарын құрыпты. Сабақтың кіріспесіне «Қарағаштағы  Мамания мектебінің ашылуы, оқыту жайы» деп қойыпты. І бөлімге Көне мектептен 1917 жылға дейін Кеңес өкіметі тұсында  даму жолы. ІІ бөлімде «Ақсу қазақ орта мектебі, онан ұшқан қарлығаштар шартарапта. ІІІ бөлімде мектепті ұйымдастырушылар, күрескерлер. ІV бөлімде Мектеп соғыс жылдарында. Мектептен шыққан ерлер Отанын қорғады. V бөлімде мектептің даму жолдары оқытылған.

Бұғытай Айсеркенов ағаның қазақ даласындағы қазақ мектебі жайлы жазып, жинаған дүниелері қазақ руханиятына қосылған тағы бір қазына. Бұғытай ағаның өзі де заманының заңғары. Ұлағаттың басында тұрған ұстаз. Маман-Тұрысбек әулетінің тағылымды ісін оқытып, дәріптеп, кейінгіге мұра етіп қалдырған асыл жан. Ендеше мұны, ұлылардың үндестігі десек жарасар.

Гүлжан ТҰРСЫН

Жетісу облысы