ЖАРКЕНТТЕГІ КИЕЛІ ЖЕРЛЕР. КӨНЕ ТҮРМЕ ҚҰПИЯСЫ. ҒЫЛЫМИ КОНФЕРЕНЦИЯ

Уақыты: 03.12.2022
Оқылды: 3613
Бөлім: ТҮПСАНА

Жетісу облысында "Жаркент өңірі: тарихы, жеке тұлғалары, өзекті мәселелері (XVII-XX ғасырлар)" атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конфернция өтті.

Жетісу және Алматы облысының қоғамдық даму, ішкі саясат басқармалары, Панфилов ауданының әкімдігі, репрессияға ұшыраған Қазақстан зиялыларының мұрасын зерттейтін "Арыс" қоры тізе қоса отырып ұйымдастырған зерделі басқосу Жаркент өңірі үшін мәнді жиын болғаны анық.  Олай деуге жиынға жиналған аудан мектептері гуманитарлық пән ұстаздары, өлкетанушылар, ғалымдары, жалпы, жастардың күнұзақ жиынды тәрк етпей, зейін қоя тыңдағаны дәлел. Ғалымдар басқосуын Жаркент қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепте өткізу бастамасының мәнісі де жиынның ұстаздар үшін практикалық сипатын ескеруден туды.

Әрине, бұл конференцияға дейін Жаркент өңірінің тарихы қараусыз еді деуге болмайды. Ауданда көп өңірлерде кездесе бермейтін ізденгіш өлкетанушылар барын, олардың ауданның рухани өміріне белсене араласатын газет ("Жаркент айнасы") арқылы оқырмандарды ауданның өткен тарихы туралы жүйелі зерттеу материалдарымен шөліркетпей отырғанын бұрыннан білуші ек. Осы жолғы конференция мен оған жиналған ғалымдардың баяндамалары Жаркенттің өткен тарихын зерттеу қорытындыларын кәсіби жүйелеуде маңызды рөл атқарды деуге болады.

Конференцияны филология ғылымдарының докторы, "Арыс" қорының президенті Ғарифолла Әнес жүргізіп отырды. Ғылыми жиын бағдарламасындағы баяндамалар Жаркент өңірі тарихының әрқилы кезеңдеріне арналды. Жиынға пәнаралық байланыс сипаты да тән болды. Әуелінде далалық ауызша тарихнама (ДАТ) бойынша әңгіме сабақтаған жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Бексұлтан Нұржеке баяндамасын "Жер тарихы - ел тарихы" тақырыбында өрбітті. Жазушының сөзіне ұлттық фольклор, ауызша тарих, жер-су атаулары бүккен сыр желі болып тартылыпты.

Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының жетекші ғылыми қызметері, тарих ғылымдарының кандидаты Д.Талеев болса Жаркент қаласының іргесіндегі Үшарал кенті орналасқан жерден анықталған Ұлы Жібек Жолындағы көнеден танымал Ілебалық қаласының тарихына үңілді. Ғылыми баяндамаға аталған институттың 2016 жылы марқұм, көрнекті археолог К.Байпақов бастаған қазу жұмыстарының нәтижелері арқау болған.

Бұл қоныстың Ілебалық қаласы екеніне дау туғызбайтын ақша бірліктері, бағалы зергерлік бұйымдар сипаттамалары да ұсынылды. Жаркенттегі ғылыми жиынға арнайы келген заң ғылымдарының докторы, профессор С.Молдабаев болса, бояуы суымай тұрған жаңа зерттеу кітабы негізінде "Қасымхан Шанышев - репрессия құрбаны" тақырыбында баяндама жасады.

Осы конференция барысында тұсауы кесілген "Право на истину: факты и домысли о группе Чанышева" атты ғылыми-көпшілік кітабы архив деректері, жеке ізденістер нәтижесінде біршама жаңа мәліметтермен байытылғаны көрініп тұр. Сарқытбек Сейсембайұлы бүгінде солтүстіктегі көршіміздің жеке тарихшылары тарапынан тұлғасы ұлықтала бастаған атаман А.Дутовты жою бойынша "Сүйдін операциясының" жай-жапсарына бойлап қана қоймай, Қ.Шанышевтің басқа бір атаман Сидоровты жою бойынша операциядағы ұйымдастырушылық рөлін де талдаған. Баяндамада Қ.Шанышевтің өліміне байланысты тың мәліметтер ұсынылған.

Жазушы Жүсіпбек Қорғасбек өз баяндамасында кешегі кеңестік тоң астында айтылуға жатпаған ақиқаттың оқырманға көркем шығарма формасында жеткізу мысалдарына тоқталды. Шерлі тарихтың ізін жеке тұлғалардың өмірінен іздеген баяндамашы қызғылықты жайттарды ортаға салды. Белгілі суретші Әбілхан Қастеевтің "шекарадан 500 қой айдап өткен босқыншылық" тағдыры баяндалды. Тарих ғылымдарының кандидаты Т.Нұрпейіс Жетісу өлкесінің отарлау кезеңдеріне кеңінен тоқталды.

М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының жетекші ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты Сағатбек Медеубекұлының баяндамасы Жаркент өңірінің қуғын көрген ақын-жыршы, күйші өнерпаздары тағдырына арналды.

Ғылыми конференция барысында сөз алған жаркенттік өлкетанушылар баяндамасы жергілікті құнды деректермен бөлісуімен бағалы болды. "Жаркент өңіріндегі киелі жерлер, тарихи мекендер" тақырыбын сөз еткен белгілі өлкетанушы, "Жаркент айнасы" газетінің бас редакторы Молот Солтанаев кәсіби тарихшылар әлі назар аудара қоймаған деректерді ортаға салса, Әскери даңқ музейінің меңгерушісі Қали Ибрайымжанов Жаркент өңірі білім беру мекемелері мен олардың түлектері жайлы баяндады.

Бұл жиында біз Жаркент өңіріндегі XX ғасырдың 20-30 жылдарындағы халық көтерілістері сипаты, ерекшеліктері тақырыбында баяндама жасадық. Алматы облыстық өңірлік комиссия жұмыс тобы жетекшісі Нұржан Сәдірбекұлы Жетісу Алашордасының беймәлім тұлғалары бойынша зерттеу нәтижелерімен бөлісті.  Өңірлік комиссияның тағы бір тобына жетекшілік жасайтын Жаңалық саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінің меңгерушісі Мейіржан Мұсабаев жиналғандарға архив деректері негізінде Жаркент түрмесінің тарихын баян етті.

Конференция бағдарламасына сәйкес осы өңірде басшылық қызметте болған Сәрсенбай Бейсеметовтің саяси репрессия құрбаны ретіндегі тағдыры тарих ғылымдарының кандидаты Болат Қабдышевтің баяндамасына арқау болса, Мамания мектебіне басшылық қылған Ғабдулғазиз Мұсағалиевтің қызметі мен өмірін филология ғылымдарының кандидаты Аманқос Мектептегі тарқатып көрсетті. Панфилов аудандық архиві меңгерушісі Ж.Насветова жергілікті мұрағаттың зерттеушілер үшін маңызды қорларын сипаттап өтті. Алматы облыстық мемлекеттік архиві бөлім жетекшілері Гүлмира Асылханова, Әйгерім Қырықбаевалар ұсынған Жаркент өңіріне қатысты архив көрмесі көрерменін тәнті етті.

Жаркенттегі ғылыми-конференция жұмысына Панфилов ауданының әкімі М.Сағымбек, Жетісу облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Болат Керімбек, Алматы облыстық қоғамдық даму орталығы басшысы Ерасыл Толымбекұлы құттықтау сөз арнады. Ғылыми жиын қарар қабылдаумен өз мәресіне жетті.

Жиналған қауым ғылыми конференция тақырыбына айрықша маңыз беріп, келешекте жалғасын табар игі бастама болуына тілек білдірісті. Конференция аясында Жаркент орталығындағы Орбұлақ монументіне гүл шоқтары қойылып, Жаркент түрмесі тарихи орнына экскурсия ұйымдастырылды.

Еркін СТАМШАЛ,

Мұхамеджан Тынышбайұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінің аға ғылыми қызметкері, Рhd-докторант

Жетісу облысы